Салықтық бақылаудың жаңа шаралары: «Атамекен» МКК ұсыныстарын бизнес өкілдерімен талқылады
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, салалық қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасына салықтық әкімшілендіру бөлігінде ұсынылып отырған өзгерістерді таныстырды.

Ұсынылып отырған жекелеген нормалар салықтық бақылауды күшейтуді және салық төлеушілерге қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейді. «Атамекеннің» бағалауынша, бұл бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме түсіріп, кәсіпкерлік қызмет барысында жаңа тәуекелдердің туындауына әкелуі мүмкін.
Талқыланған ұсыныстардың бірі – өтелмеген салық берешегінің мөлшері белгіленген шекті деңгейден асып, алты айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұрудың жаңа негізін енгізу. Бұл мәселені «Қазақстан Құрылысшылар одағы» РЗТБ өкілдері көтерді. Қатысушылар мұндай шараның салық төлеушінің өзіне ғана емес, оның контрагенттеріне де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Электрондық сауда саласында камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды немесе алшақтықтарды жою туралы хабарламаны орындамаған жағдайда интернет-ресурста және (немесе) интернет-платформада тауарларды өткізуді тоқтата тұру мүмкіндігі талқыланды. Бұл мәселені Қазақстанның Тікелей сату қауымдастығы көтерді. Бизнес өкілдері бұл шараның бұзушылықтың сипаты мен деңгейіне сай болуын, кәсіпкерге түсініктемелер мен растайтын құжаттарды ұсыну мүмкіндігін беруді, сондай-ақ шектеуді қолдану негіздері мен қолданылу мерзімдерін нақты айқындауды қажет деп санайды.
ҚҚС-ның асып кету сомаларын растау мақсатында жүргізілетін тақырыптық салықтық тексеру нәтижесінде ҚҚС-ын қайтарудан бас тарту мәселесі де жеке қаралды. Мұндай жағдай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216 және 245-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған немесе тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізу тізбегіндегі жеткізушіге қатысты электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатылған (шектелген) кезде туындауы мүмкін.

Бизнес өкілдері мұндай тәсіл адал салық төлеушіні жеткізу тізбегінің кейінгі деңгейлеріндегі жеткізушілерге қатысты туындаған жағдайларға байланысты, өз тарапынан қандай да бір бұзушылық болмағанына қарамастан, ҚҚС-ның асып кету сомасын қайтару мүмкіндігінен айыруы ықтимал екенін атап өтті. Осыған байланысты «Атамекен» жауапкершілікті тек тікелей жеткізушіге қатысты жағдайлар негізінде қарастыру тәсілін сақтауды қолдайды.
Сондай-ақ қатысушылар салықтық тексеру нәтижелері бойынша салық органының тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатқа түзету енгізуі және жылжымалы ластау көздерін пайдаланатын ұйымдарға қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеу міндетін кеңейту жөніндегі ұсыныстарды қарады.
Бизнес өкілдерінің пікірінше, кәсіпкерлік қызмет жағдайын нашарлатуы мүмкін қосымша ұсыныстар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бұйрық жобаларында да көзделген. Атап айтқанда, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу міндеті қолданылатын тауарлар тізбесін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден алып тастау, сондай-ақ автоматтандырылған процесс қолданылмай анықталған бұзушылықтар негізінде салықтық тексеру тағайындауға жаңа негіз енгізу ұсынылады. «Атамекеннің» ұстанымы бойынша, мұндай өзгерістер құқықтық айқындылықты төмендетіп, бақылау шараларын салық төлеушілерге әртүрлі қолдану тәуекелін арттыруы мүмкін.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар кәсіпкерлік қоғамдастықтың ұстанымын ескере отырып, ұсыныстарды одан әрі бірлесіп пысықтауға және тиімді салықтық әкімшілендіру мен бизнесті жүргізу үшін тұрақты жағдайлар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге уағдаласты.