«Компания Нефтехим LTD» ЖШС-де өткен Павлодар «Атамекен» палатасының оқытуында тәлімгерлерге не айтылды

07.10.2026
«Компания Нефтехим LTD» ЖШС-де өткен Павлодар «Атамекен» палатасының оқытуында тәлімгерлерге не айтылды

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы «Тәлімгерлік мектебі» жобасы аясында «Компания Нефтехим LTD» ЖШС-нің өтінімі бойынша ұйымдастырған тәлімгерлерді оқыту барысында кәсіпорын қызметкерлерінің жеке құзыреттерін арттыру, еңбекке деген ынтасын күшейту және мансаптық өсуіне жағдай жасау, сондай-ақ жас мамандармен жұмыс істеу кезінде білу және ескеру қажет персоналдың жас ерекшелік психологиясы мәселелері сөз болды.

 

Изображение

Кәсіпорында өткен екі күндік курс барысында дәрістер мен тренингтерді шақырылған екі сарапшы өткізді. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Дана Асакаева аудиториямен бейнеконференцбайланыс арқылы жұмыс істесе, сертификатталған бизнес-тренер, бизнес-консультант, PhD докторы Ғабит Базенов оқытуға офлайн қатысты.

Ғабит Базенов бүгінгі таңда жеке компаниядағы кәсіби жетістікке неғұрлым көбірек әсер ететін факторларды ашып көрсетті. Оның айтуынша, оларға тәлімгердің білімі, дағдылары, тәжірибесі және білімін жетілдіруге деген қабілеті жатады. Мұның барлығы адамның кәсіби базасы ұғымына кіреді. Сонымен қатар жеке тұлғалық факторлар да бар. Олардың қатарында мотивация, адамдармен қарым-қатынас орната білу, бастамашылдық және адамның жеке қасиеттері бар.

«Мансаптық өсу – жеке-дара процесс емес, жүйелі кәсіби және тұлғалық дамудың нәтижесі. Барлық элементтер өзара байланысты және бір-бірін күшейтеді», – деп атап өтті тренер.

 

Изображение

Дана Асакаева оқытудың өз бөлігінде қақтығыстарды басқару мәселесіне тоқталды.

«Қақтығыс – өзара әрекеттесу барысында туындайтын маңызды қайшылықтарды шешудің ең өткір тәсілі. Ол қақтығыс субъектілерінің қарсы тұруынан көрінеді және әдетте жағымсыз эмоциялармен қатар жүреді. Қақтығыстың себебін анықтау – қатысушылардың әрекеті немесе мінез-құлқындағы нақты қандай фактор олардың өзара қарым-қатынасының қақтығысқа ұласуына себеп болғанын түсіну деген сөз», – деп түсіндірді ол.

Сарапшы білім деңгейі, тәрбиесі, мәдени коды әртүрлі, түрлі ұлт өкілдерінен құралған, жасы мен жынысы әртүрлі қызметкерлер жұмыс істейтін үлкен ұжымдағы жеке компанияларда туындайтын жанжалдарды шешу жолдары туралы да жан-жақты айтып берді.

Оқуға қатысушылардың барлық сұрақтарына екі сарапшы да толық жауап беріп, олар үшін маңызды кәсіби білімдерді дұрыс бағытта игеруге көмектесті.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының «Атамекен» палатасы кәсіпорынның өтінімі бойынша «Компания Нефтехим LTD» ЖШС-нің 32 тәлімгерін оқытты. Кәсіпорын қызметкерлеріне тиісті сертификаттарды «Атамекен» ӨКП директоры Айдос Шайхислам мен «Компания Нефтехим LTD» ЖШС бас директоры Роман Фаерфас табыстады.

Оқыту бағдарламасы жеке тұлғалық құзыреттерді дамыту, ересектерді ынталандыру мәселелері, қақтығыстарды басқару және проблемалық жағдайларды шешу, сондай-ақ ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерді меңгеру және жұмыс орнында оқытуды ұйымдастыруға дайындық бағыттарын қамтыды.