Қарағанды облысында CareerHub.kz платформасында дуальды оқытуды цифрландыру мәселелері талқыланды

07.10.2026
Қарағанды облысында CareerHub.kz платформасында дуальды оқытуды цифрландыру мәселелері талқыланды

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында CareerHub.kz платформасының жұмысы және дуальды оқыту үдерістерін цифрландыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Қарағанды облысының білім басқармасы, өңір колледждерінің, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және платформа әзірлеушілері қатысты. 

Кездесуде негізгі мәселелердің бірі – дуальды оқыту туралы шарттарды электрондық жүйеге енгізу және олармен жұмыс істеу тәртібі болды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Азамат Төреханның айтуынша, цифрландырудың негізгі мақсаты – шарттарды бірыңғай әрі құрылымдалған түрде есепке алу. Бұл дұрыс статистика қалыптастырып, қажетті есептер мен талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

«Платформаның негізгі міндеті – шарттарды бірыңғай, нақты және құрылымдалған түрде есепке алуды қамтамасыз ету. Бұл алдағы уақытта дұрыс есептер қалыптастырып, талдау жүргізуге және қажетті статистикалық мәліметтерді алуға мүмкіндік береді», – деді Азамат Төрехан. 

Бұған дейін платформада қағаз түріндегі шарттардың скан-көшірмелерін жүктеу мүмкіндігі болған. Алайда мұндай формат деректерді өңдеу кезінде бірқатар қиындық туғызған. Атап айтқанда, ақпаратты сүзгілеу, шарттар мен кәсіпорындар санын есептеу, сондай-ақ шарт нөмірлерін дұрыс есепке алу күрделене түскен.

Осыған байланысты қазіргі таңда негізгі жұмыс форматы – шарттарға ЭЦҚ арқылы қол қою. Бұл жағдайда ақпарат электрондық жүйеге тікелей енгізіліп, кейінгі талдау үшін пайдаланылуы мүмкін. 

Платформаның мүмкіндіктері мен шарттардың скан-көшірмелерімен жұмыс істеу нұсқалары туралы CareerHub.kz өкілі таныстырды.

Платформада колледждер үшін тегін сервистер қарастырылған. Олардың қатарында тіркелу, дуальды оқытуға өтінім беру, үшжақты шартқа ЭЦҚ арқылы қол қою, контингентті басқару, практиканы цифрлық форматта ұйымдастыру, студенттер мен компаниялар тізілімін жүргізу және бейненұсқаулықтар бар. 

Сонымен қатар әзірлеушілер колледждер үшін ақылы қызметтер пакетін ұсынады. Оның ішінде шарттардың скан-көшірмелерін PDF форматында жүктеу, деректерді 10 жыл бойы сақтау және шарттардағы ақпаратты кейін өңдеу мен талдау үшін тізілімге енгізу қарастырылған. Сондай-ақ пакетке ҰБДБ-мен интеграция, eGov Mobile арқылы құжаттарға қол қою, ашық аналитикалық деректерге қолжетімділік, колледждің жеке кабинетіндегі статистиканы жетілдіру, қайталанатын шарттарды автоматты түрде жою және басымдықпен қолдау көрсету кіреді. 

Қызмет құны колледждегі студенттер санына байланысты: 999 студентке дейін – жылына 100 мың теңге, 1000-нан 1200 студентке дейін – 150 мың теңге, 1200 және одан көп студент болса – 200 мың теңге. 

Әзірлеушілер ұсынған мәліметке сәйкес, қазіргі таңда дуальды оқытуды автоматтандыру жүйесі 130 мың студентті, 11 мыңнан астам жұмыс берушіні және 519 колледжді қамтиды. Платформада 80 мыңнан астам шартқа қол қойылған. 

Кездесуде деректердің сапасы мен өзара сәйкестігіне де ерекше назар аударылды. Бірыңғай цифрлық база шарттар туралы ақпаратты жүйелеуге және оны есептілік қалыптастыру кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Жиын барысында колледж өкілдері CareerHub.kz әзірлеушілеріне тікелей сұрақтарын қойып, платформа жұмысындағы мәселелерді ортаға салды және жүйені одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.