Құрылыс және ТКШ кеңесі: камералық бақылау және өрт қауіпсіздігінің жаңа талаптары талқыланды
Батыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында Жанна Тәжғұлқызының төрағалығымен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға құрылыс саласының кәсіпкерлері, салалық басқармалар мен бақылау органдарының өкілдері қатысып, құрылыс-монтаж жұмыстары шарттарының орындалуын камералық бақылау тетіктерін қолдану мәселелерін және көппәтерлі тұрғын үйлерді жобалау кезіндегі өрт қауіпсіздігінің жаңартылған талаптарын жан-жақты қарастырды.
Отырыс барысында Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары №28 және №29 тәуекел профильдері бойынша жүргізілетін камералық бақылаудың превентивті сипатына баса назар аударды. Бұл бақылау бюджет қаржысының негізсіз жұмсалуына жол бермеуге және бизнеске түсетін әкімшілік қысымды азайтуға бағытталғаны атап өтілді. Сондай-ақ мердігерлердің құрылыс материалдарын сатып алу барысында туындайтын өзекті сұрақтары түсіндірілді. Сарапшылардың айтуынша, егер материалдарды сатып алу фактісі бухгалтерлік есеп құжаттарымен расталса, нақты шарт жасалған кезеңмен шектелген электрондық шот-фактураның болмауы заңбұзушылық болып саналмайды. Бұдан бөлек, қатысушыларға сәулет және құрылыс саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес орындалған жұмыстар актілерінің ресми нысандарын қатаң сақтау қажеттігі ескерілді.
Кездесудің екінші бөлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бұйрығымен бекітілген өрт қауіпсіздігі талаптарындағы өзгерістерге арналды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі барлық салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерде қабат санына қарамастан адрестік өрт дабылы жүйелерін орнату міндетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, жобаларда өрт постының үй-жайын қарастыру немесе өрт пен ақаулар туралы сигналдарды тұрғындардың ұялы байланыс құрылғыларына автоматты түрде жіберу жүйесін қамтамасыз ету талабы қойылды. Биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарда пәтерлердің эвакуациялық есіктеріне тығыздағыштар, өздігінен жабылатын құрылғылар орнатылып, отқа төзімділік шегі сақталуы тиіс, бұл талап баспалдақ торлары мен коммуникациялық шахталардың есіктеріне де қатысты. Оған қоса, бас жоспарды әзірлеу кезінде өрт техникасының негізгі шығуларға кедергісіз жақындауы және өлшемі кемінде 15 пен 6 метр болатын арнайы алаңдардың тиісті жол белгілерімен жабдықталуы қатаң қадағалануы қажет. Жиын қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері тапсырыс берушілер мен жобалаушыларға жабдықтарды сатып алмас бұрын жобалық шешімдерді мұқият тексеріп, ықтимал сәйкессіздіктерді уақтылы жоюды ұсынды.