ШҚО бизнесі МИБ шешімдерінің құрсауында қалды
Ақша төлеңіз, бірақ не үшін төлеп жатқаныңызды сұрамаңыз. Өз инженерлік коммуникацияларыңызға қол жеткізгіңіз келе ме? Онда келісіңіз де, қайтадан ақша төлеңіз. Дүкеніңізге кіреберіс жол қажет пе? Бұл мәселені мүлік иелерінің бірлестігімен (МИБ) шешіңіз. Ал қойылған талаптармен келіспесеңіз, сусыз қалдырамыз. Өскемендік кәсіпкерлердің айтуынша, мүлік иелерінің бірлестіктері мен басқарушы компаниялармен қарым-қатынаста осындай жағдайларға тап болуға тура келеді.
Кәсіпкерлер мұндай әрекеттерді бизнес жүргізуге кедергі келтіру ғана емес, іс жүзіндегі озбырлық деп бағалап отыр. Бұл мәселелер Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында қаралды.
Бір қарағанда, әңгіме бір-біріне қатысы жоқ екі бөлек дау туралы болып отырғандай. Бір жағдайда кәсіпкердің инженерлік коммуникацияларға қол жеткізуіне шектеу қойылса, екіншісінде дүкенге көлікпен кіріп-шығуға кедергі жасалуда. Алайда осы екі оқиғаның астарында әлдеқайда күрделі мәселе жатыр: МИБ пен басқарушы компаниялардың қызметін кім бақылайды және өз мүлкін күтіп-ұстауға тиісті төлемдерді уақытылы төлеп отырған кәсіпкер неліктен олардың шешімдері алдында іс жүзінде дәрменсіз болып қалады?
Осындай жағдайлардың бірі «Аль-Дента» ЖШС-не қатысты.
Кәсіпорынның жұмысын қамтамасыз ететін инженерлік коммуникациялар көршілес тұрғын үйдің жертөлесі арқылы өтеді. Инженерлік желілерге қосылу жобалық құжаттамада қарастырылып, уәкілетті ұйымдармен келісілген. Ал ғимараттың өзі 2014 жылы пайдалануға берілген.
Алайда барлық қажетті келісімдердің болуы кәсіпкерді қиындықтардан құтқара алмаған.
Отырыста ұсынылған ақпаратқа сәйкес, басқарушы компания өкілдері инженерлік коммуникацияларға қол жеткізуді шектеген. Тіпті суық су беруді тоқтатудың салдарынан клиниканың жұмысы мен пациенттерді қабылдау толық тоқтаған.
Басқарушы компания өкілдері байланыс желісіндегі ақауды жою үшін келген «Қазақтелеком» АҚ мамандарын да жертөлеге кіргізбеген. Соның салдарынан кәсіпорын телефон байланысынсыз, интернетсіз қалып, кассалық жабдықтар мен POS-терминалдарды толыққанды пайдалану мүмкіндігінен айырылған. Мамандарды кіргізбеу фактісі тиісті актімен тіркелген.
Бұл ретте кәсіпкер қаржылық міндеттемелерін орындаудан бас тартпаған. Ұсынылған материалдарға сәйкес, басқарушы компания ай сайын 20 мың теңгеден алып отырған. Алайда кәсіпкер шот-фактуралар мен орындалған жұмыстардың актілерін сұратқанда, оған құжаттарды беруден бас тартылған.
Осы тұста заңды сұрақ туындайды: неліктен кәсіпкерден ақша талап етуге болады да, оның нақты не үшін төлеп отырғанын түсіндіруге болмайды?
Кәсіпкерлер үй-жайлар мен коммуникацияларға қол жеткізу үшін қосымша төлемдер талап етілетінін де көтерді. Отырыста айтылған мәліметтерге сүйенсек, мұндай төлемдердің көлемі 50 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Оның үстіне бұл сома тұрақты ай сайынғы төлемдерден бөлек талап етіледі.
Мәселе тек ақшада ғана емес. Заңды түрде қосылған инженерлік желілерді пайдалану мүмкіндігі іс жүзінде басқарушы ұйымның шешіміне тәуелді болып қалған.
Тағы бір жеке кәсіпкер де осындай күрделі жағдайға тап болған.
Сауда нысанының қалыпты жұмыс істеуі үшін жүк көліктерінің дүкенге кіріп, тауар жеткізіп, оны түсіруіне мүмкіндік болуы қажет. Алайда кәсіпкердің өтінішіне сәйкес, МИБ төрағасы аула аумағына орнатылған шлагбаум арқылы көліктердің өтуіне кедергі келтіріп отыр.
Кәсіпкер мәселені заңды жолмен шешуге тырысқан. Оған 2022 жылы дүкенге кіретін балама жол ұйымдастыру нұсқасы ұсынылған. Осыдан кейін ол мемлекеттік органдармен және коммуналдық қызметтермен қажетті құжаттарды келісу жұмыстарын бастаған.
Алайда 2026 жылдың тамызында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Өмір жолы» жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жоспарланып отырғанын алға тартып, келісім беруден бас тартқан.
Абаттандыру жұмыстары нақты қашан басталатыны, қандай балама кіреберіс жолдар қарастырылғаны және сол уақытқа дейін кәсіпкер тауар жеткізуді қалай ұйымдастыруы керектігі жауапта түсіндірілмеген.
Нәтижесінде, кәсіпкердің айтуынша, дүкен бір жылға жуық уақыттан бері жұмыс істемейді. Табыс жоқ, бірақ нысанды күтіп-ұстауға байланысты міндетті төлемдер сол күйінде сақталған.
Осылайша, қисынға сыймайтын жағдай қалыптасқан: адам коммерциялық жылжымайтын мүліктің иесі бола тұра, оны күтіп-ұстауға шығын шығарады, бірақ өз мүлкін мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінен іс жүзінде айырылған.
Кәсіпкерлердің ерекше наразылығын тудырған тағы бір мәселе — есептелетін төлемдердің ашық болмауы.
Олардың айтуынша, тарифтердің қалай белгіленгенін және шоттардың қандай негізде ұсынылатынын растайтын құжаттарды алу іс жүзінде мүмкін емес. Сұрау салған кезде мұндай құжаттарды тек көппәтерлі тұрғын үйдегі үй-жайлардың меншік иелері ғана талап ете алады деген жауап беріледі.
Кәсіпкерлер мұндай ұстанымның дұрыстығына күмән келтіреді. Егер бизнестен ақша талап етілсе, кәсіпкер оның қалай есептелгенін, кім бекіткенін және қандай негізде төлеуге міндетті екенін білуге құқылы емес пе?
Кеңес отырысында айтылғандай, кәсіпкерлердің бірі қажетті құжаттарды тіпті сот арқылы алуға тырысқан. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілмеген.
Осындай жабықтық төлемдердің өз бетінше белгіленуі мүмкін деген күдік тудырады. Егер тариф заңды болса, белгіленген тәртіппен бекітіліп, тиісті құжаттармен расталса, неліктен оның негіздемесі төлем жасаушы үшін қолжетімсіз ақпаратқа айналады?
Бұл жерде бизнес ортақ мүлікті күтіп-ұстауға қатысқысы келмейді деген сөз емес. Кәсіпкерлер негізделген шығындарды төлеу қағидатына қарсы емес. Олар тек есептердің ашық болуын және барлығына бірдей түсінікті ережелердің қолданылуын талап етеді.
Алайда отырыста тұрғын үй саласында бақылау жүргізуге тиіс мемлекеттік органдардың ұстанымы бұдан да көп сұрақ туғызды.
Кәсіпкерлер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бірнеше рет көмек сұрап жүгінген. Бірақ Кеңесте айтылған ақпаратқа сәйкес, нақты тексеру шараларының орнына прокуратураға жүгіну жөнінде ұсыныстар алған.
ТКШ өкілдерінің негізгі уәжі — МИБ дербес ұйымдар, сондықтан олардың тікелей бағынысында емес.
Алайда тікелей бағыныста болмау мемлекеттік бақылаудың да жоқ екенін білдірмейді.
Отырысқа қатысушылар дәл осы мәселеге ерекше назар аударды.
Тұрғын үй инспекциясының заңнамада көзделген бақылау өкілеттіктері бар. Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару субъектілерінің қызметіне қойылатын нақты талаптарды қамтитын тексеру парақтары да бекітілген.
Құжаттаманың жүргізілуі, меншік иелері жиналыстарының хаттамалары, қабылданған шешімдердің заңдылығы және есептелген төлемдердің негізділігі — заңда көзделген негіздер болған жағдайда бақылау жүргізуге болатын бағыттар.
Басқаша айтқанда, кәсіпкерлер жалпылама шағым айтып отырған жоқ. Олар нақты тексеруді қажет ететін мән-жайларды көрсеткен.
Алайда талқылау барысында белгілі болғандай, қаралып отырған өтініштер бойынша ТКШ бөлімі жоспардан тыс тексеруді келісу рәсімін бастамаған.
Мұның бір себебі ретінде прокуратураның бұған дейін жекелеген тексерулерді келісуден бас тартқаны айтылды.
Сөйтіп, тұйық шеңбер қалыптасқан: кәсіпкер МИБ-тің әрекетіне шағымданады, ТКШ оны прокуратураға жібереді, ал басқарушы ұйым әрекеттерінің заңдылығын нақты кім тексеруі тиіс деген сұрақ жауапсыз қалады.
Талқылау бұл мәселенің кәсіпкерлер мен МИБ төрағалары арасындағы жекелеген даулар шеңберінен әлдеқашан шығып кеткенін көрсетті.
Тұрғындардың өз үйлерінің ортақ мүлкін басқару құқығына ешкім күмән келтірмейді. Бірақ бұл құқық коммерциялық нысандардың меншік иелеріне қысым көрсету құралына немесе ашық емес қаржылық талаптар қоюдың негізіне айналмауы тиіс.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Игорь Шацкий талқылауды қорытындылай келе, мәселенің жүйелі сипат алғанына назар аударды.
Оның бағалауынша, бұл енді жекелеген шағымдар емес, жан-жақты талдауды қажет ететін жағдай.
Осыған байланысты Кеңес төрағасы прокуратура өкілдеріне МИБ қызметіне талдау жүргізіп, олардың өкілеттіктерінің шегін, мемлекеттік бақылау тетіктерін және кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда туындайтын жауапкершілікті айқындауды сұрады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдарына да жеке ұсынымдар берілді. Оларға өтініштерді басқа мекемелерге жолдаумен шектелмей, әрбір шағымды нақты қарау және осы жағдай бойынша заңда белгіленген тәртіппен тексеру шараларын бастау ұсынылды.