Астанада ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы іскерлік ахуалға қатысты алдын ала қорытындылары талқыланды
Астанада «Орталық Азиядағы іскерлік ахуал, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу: Қазақстанның жеке секторының көзқарасы» зерттеуінің алдын ала нәтижелеріне арналған ЭЫДҰ семинары өтті.
«Қазақстандағы іскерлік ахуалды талдау» атты панельдік сессияда «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Бизнесті реттеу департаментінің директоры Динара Ақынбекова сөз сөйледі.
Сөз сөйлеу барысында ЭЫДҰ-ның алдын ала қорытындылары Ұлттық палатаның зерттеу нәтижелерімен – «Іскерлік ахуал» рейтингімен, Әкімшілік қысым индексімен және ШОБ мониторингімен салыстырылды.

Жалпы алғанда, цифрландырудың арқасында бизнеске кіру үдерісінің едәуір жеңілдегені туралы ЭЫДҰ қорытындысы қолдау тапты. Сонымен қатар, бүгінде кәсіпорындардың одан әрі жұмыс істеуі мен өсуіне жағдай жасайтын факторлардың маңызы артып келе жатқаны атап өтілді. Олардың қатарында талаптардың болжамдылығы, әкімшілік жүктеме, қаржыландырудың қолжетімділігі және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы бар.
ШОБ өсімінің сапасына да ерекше назар аударылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ШОБ өнімінің шығарылымы 4,3%-ға өскенімен, жұмыспен қамтылғандар саны 9,3%-ға төмендеген. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің шамамен 70%-ын жеке кәсіпкерлер құрайды.
«ШОБ-қа қатысты саясаттың келесі кезеңін тек тіркелген субъектілердің санына қарап бағалау маңызды емес. Кәсіпорындардың қаншасы өсіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және микробизнестен шағын бизнеске, ал, шағын бизнестен орта бизнеске өтуге қабілетті екені де аса маңызды», – деді Динара Ақынбекова.

Сондай-ақ, компанияның өсуі талаптар мен шығындардың шамадан тыс артуына әкелмеуі үшін әкімшілік шығындарды азайтып, реттеудің болжамдылығын арттыру қажеттігі көтерілді.
Бизнес құқықтарын қорғау мәселелеріне де жеке тоқталынды. Әкімшілік қысым индексінің нәтижелері бойынша жағдайды бағалаған кәсіпкерлердің 53,7% бизнес құқықтарын қорғау деңгейінің жақсарғанын жеткізді. Сонымен қатар, 48,3% мемлекеттік органдардың әрекеттері мен шешімдеріне дау айту үдерісін әлі де күрделі деп санайды.