Дуальды оқыту: болашақ мамандар өндірісте қалай даярланады?
Солтүстік Қазақстан облысында дуальды білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Еңбек нарығы мен колледждер арасындағы дәнекер буын ретінде СҚО Кәсіпкерлер палатасы белсенді жұмыс жүргізуде. Аталған ұйым жергілікті атқарушы органдармен және оқу орындарымен бірлесе отырып, Дуальды оқытудың Жол картасын жүзеге асыруда.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірде 274 кәсіпорын мен 18 колледжді біріктіретін 1 384 үшжақты шарт жасалған.
«Бүгінде бизнес оқу үдерісін қалыптастыруға тікелей қатысады. Палата сарапшылары колледждерге білім беру бағдарламалары мен факультативті пәндерді жұмыс берушілердің өзекті талаптарына бейімдеуге көмектеседі. Бизнес өкілдері колледждердің консультативтік және біліктілік комиссияларының құрамына кіреді, ал педагогтар ұжымы өз білімдерін шынайы өндірісте жүйелі түрде жаңартып отырады. Сонымен қатар Палата жұмыс берушілердің қатысуымен біліктілік комиссияларын құруға да атсалысады», — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Сонымен бірге Кәсіпкерлер палатасының Адам капиталын дамыту бөлімі колледждерге инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің тағылымдамадан өтуі мен біліктілігін арттыруы үшін кәсіпорындарды анықтауға қолдау көрсетеді. Жыл сайын арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің 50-ге жуығы облыс кәсіпорындарында тағылымдамадан өтеді. Бұл ретте тәлімгерлік институтына да ерекше көңіл бөлінуде.
«Тәжірибелі маман студентке өз дағдыларын сауатты түрде үйрете алуы үшін Кәсіпкерлер палатасы жанынан Тәлімгерлік мектебі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 253 тәлімгер арнайы оқудан өтіп, сертификат алды және қазір студенттерге тікелей жұмыс орнында кәсіби бағыт-бағдар беріп келеді», — дейді СҚО КП Адам капиталын дамыту бөлімінің бастығы, педагог-мультипликатор Ирина Торопова.
Сарапшылардың атап өтуінше, дуальды оқыту бойынша үшжақты шарт жасасқан студенттің басты әрі үлкен артықшылығы — практика кезеңінде жинақталатын ресми еңбек өтілі мен алғашқы жұмыс орнының кепілдігі.

Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының ішінде оқу бағдарламасына дуальды оқыту элементтерін алғашқылардың бірі болып енгізген — Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі (ЖҚЭК). Колледждің техникалық және құрылыс мамандықтарында оқитын студенттері уақытының 60-70%-ын әлеуметтік серіктестердің нысандарында өткізеді.

«Жыл сайын 600-ге жуық студент серіктестеріміздің — 31 кәсіпорынның базасында өндірістік практикадан өтеді. Онда олар алған білімі мен дағдыларын іс жүзінде қолданып, кәсіби тәжірибесін шыңдайды, осылайша алдағы еңбек жолына дайындалады. Біздің студенттердің дерлік 100%-ы, негізінен өндірістік практикадан өткен кәсіпорындарына жұмысқа орналасады», — деп атап өтті Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары Сәуле Ерханова.
Сонымен қатар ол түлектің соңғы біліктілігіне практика қорытындысы бойынша тәлімгер қоятын баға тікелей әсер ететінін айтады. 2027 жылы колледж 88 жұмысшы маманын ұшырып шығарады. Олардың қатарында шебер-құрылысшылар, электргаздан дәнекерлеушілер, газ жабдықтарының слесарлары, аспаздар мен кондитерлер бар. Олардың басым бөлігі диплом алған бойда бірден жұмысқа кіріседі.
Мәселен, болашақ құрылысшылардың бір бөлігі қазір «Основание» ЖШС және «Ash stroy» ЖШС құрылыс алаңдарында белсенді еңбек етіп жатыр. Онда олар кәсіпорын тәлімгерлерінің жетекшілігімен шынайы жағдайда мамандықты меңгеруде.

««Ash stroy» компаниясы Қазақстан нарығында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің әлеуметтік серіктесі ретінде біз жыл сайын құрылысшы студенттерді практикаға қабылдаймыз. Бүгінде бізде 3-курс оқитын 5 студент тас қалау, дәнекерлеу және басқа да жұмыстар бойынша тәжірибе жинақтауда. Компания тарапынан практиканттарды ыстық тамақпен және толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеміз. Студенттердің жалақысы 200 мың теңгеден басталады», — деп атап өтті «Ash stroy» ЖШС өндіріс шебері, прораб Дамир Шакубаев.
«Основание» ЖШС нысандарында қауіпсіздікті қадағалау және практикалық дағдыларды үйрету жұмысын учаске бастығы Евгений Келлер жүргізеді.

«Менің участкемде темірбетон, дәнекерлеу және ағаш ұсталық бұйымдары өндіріледі. Сондай-ақ аумағымызда жиһаз цехы мен пластикалық терезе өндірісі бар. Колледж студенттері жыл сайын бізге практикаға келіп, кейіннен жұмысқа орналасады. Мысалы, биыл үш түлекті жұмысқа қабылдадық: біреуі — ағаш ұсталық цехқа, екеуі — дәнекерлеу цехына. Бұған қоса, болашағынан үміт күттіретін жастарды серіктестерімізге ұсынып, басқа да құрылыс компанияларына жұмысқа орналасуға көмектесеміз», — деп түйіндеді Евгений Келлер.
Дуальды оқыту модулі қызмет көрсету саласында да тиімді қолданылуда. Мәселен, И. Дәуітов атындағы Қызмет көрсету саласы колледжінде 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша «Тігін өндірісі» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» бағыттары бойынша 86 студент (2027-2028 жылдардағы болашақ түлектер) дуальды оқытуда білім алуда. Колледждің әлеуметтік серіктестері арасында «Прогресс» тігін фабрикасы, «Урожай плюс» ЖШС, «Сокирко В.А.» ЖК, «Паскаль Н. Н.» ЖК және өзге де кәсіпкерлер бар.
Дуальды жүйенің арқасында өңірлік нарық шағын болса да еңбек өтілі бар дайын мамандарға ие болса, жастар қажетті дағдыларға, табыс табу мүмкіндігіне және жұмысқа орналасу кепілдігіне ие болады.