Ақмолалық аграрийлер жүйедегі ақау салдарынан субсидиясыз қала жаздады
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен субсидияланатын пестицидтер тізбесіне жаңа препарат қайта енгізілді. Мемлекеттік IT-жүйеде тиісті жолдың жоқтығынан өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері миллиондаған компенсациядан қағылу, ал жеткізуші кәсіпорын сату жоспарын жүзеге асыра алмау қаупінде болған еді.
2025 жылдың желтоқсан соңында «Агро Глобал» ЖШС Қазақстанда «Тенгри, к.э.» препаратын ресми түрде тіркеп, бірден сатылымға шығарды. Ақмолалық аграрийлер бұл фунгицидті 2026 жылғы маусымға арналған стандартты мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, белсенді түрде сатып ала бастаған.
Бұл мәселе құқықтық сараптама барысында анықталды. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті агрокәсіпорындарға субсидияланатын пестицидтер тізімі бар әкімдік қаулысының жобасын жібергенде, «Агро Глобал» өкілдері құжатта өз препараттарының жоқ екенін байқаған.
Палатаның сұранысына берген жауабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бұған техникалық ақау себеп болғанын түсіндірді. Бағалар қалыптастыру сәтінде бұл позиция Gosagro.kz мемлекеттік ақпараттық жүйесінде көрінбеген. Бағдарламада қажетті жолды таңдай алмаған шенеуніктер жобаны препаратсыз дайындай салған.
Палата сарапшылары цифрлық платформалардың дұрыс жұмыс істемеуі бизнестің де, аграрийлердің де құқықтарын шектеуге негіз болмауы тиіс екенін алға тартты. Өңірлік палата араласып, мәселе көтергеннен кейін АШБ Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті сұраныстар жолдады.
«Мұндай жағдайда екі тарап та соққыға жығылады — мемлекеттік көмекке сеніп, нақты шығын жұмсаған жеткізуші де, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де зардап шегеді. Біздің міндетіміз — мұндай техникалық кедергілерді жедел анықтап, ақпараттық жүйелердегі ақаулар салдарынан өңір бизнесінің шығынға ұшырауына жол бермеу», — деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің бастығы Марат Саутов.
Бүгінгі таңда «Тенгри, к.э.» препараты Gosagro.kz жүйесіне енгізіліп, ол үшін субсидиялау нормасы белгіленді және әкімдік қаулысының жобасына қосылды.
«Препаратты субсидияланатын пестицидтер тізбесіне енгізуге қол жеткізу біз үшін өте маңызды болды, өйткені ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, оны сатып алып қойған еді. Бұл мәселені жедел шешу қажеттігін түсіндік және көрсеткен көмегі үшін Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасына алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті «Агро Глобал» ЖШС директоры, Өңірлік кеңес мүшесі Ольга Липень.