Мақат ауданында бизнестің өзекті мәселелері және «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы талқыланды

08.10.2026
Мақат ауданында бизнестің өзекті мәселелері және «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы талқыланды

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нуржан Ермуханов жұмыс сапарымен Мақат ауданына барды. Сапар барысында ол аудан әкімінің орынбасары Бекбол Абуовпен, аудандық Кәсіпкерлер кеңесі мен Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында бизнесті дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.

«Кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді тікелей жерде тыңдап, олардың қандай сұрақтар мен қиындықтарға тап болып отырғанын түсіну біз үшін маңызды. Барлық ұсыныс жұмысқа алынып, әрбір өтініш бойынша нақты шешімдер табылуы қажет. Біз мұндай кездесулерді дәл осы мақсатта өткізіп, аудандарға арнайы барып отырмыз», — деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нуржан Ермуханов.

Сапар аясында Палата басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған екі кәсіпкерлік нысанның жұмысымен танысты. Кәсіпкерлердің бірі бөлінген қаражатқа мейрамханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алса, екіншісі жартылай фабрикаттар өндіру жобасын жүзеге асыруда.

Кәсіпкерлер жобаларды іске асыру барысы туралы айтып, қосымша шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерді көтерді.

Атап айтқанда, «Наурызтранссервис» ЖШС-нің иесі Наурыз Исмагулов бұған дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржыландыру алуды жоспарлағанын, алайда сол кездегі талаптарға байланысты бағдарламаға қатыса алмағанын айтты.

«Мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алғым келген. Алайда сол кезде қаржыландыру тек жеке кәсіпкерлерге берілетіні, ал ЖШС қатыса алмайтыны түсіндірілді. Сондықтан бұл мүмкіндіктен бас тарттым», — деді кәсіпкер.

«Атамекен-Атырау бизнес қолдау» МҚҰ директоры Гульмира Сагиденова қазіргі таңда бағдарламаға жеке кәсіпкерлермен қатар ЖШС-лар да қатыса алатынын түсіндірді.

Кездесу барысында «Баршагүл» кооперативінің өкілдері де газ баллондарын толтыру мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, шаруашылықтар елді мекеннен тыс жерде орналасқандықтан, газ баллондарын толтыру үшін қалаға тұрақты түрде баруға тура келеді.

«Біз дала аймағында жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта газ баллондарын қалада толтыруға тура келеді. Бұл көп уақыт алады. Мұндай қызметті тікелей ауылдық жерде ұйымдастыру мүмкіндігі болса, бізге өте ыңғайлы болар еді», — деді кооператив өкілдері.

Аудан әкімінің орынбасары Бекбол Абуов аталған мәселе пысықталатынын айтты. Атап айтқанда, газ баллондарын арнайы көлікпен жеткізуді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ол үшін мұндай қызметке мұқтаж шаруашылықтардың санын анықтау қажет.

Кәсіпкер Замира Мауленова қызметкерлерді сақтандыру, акциздік таңбалау және электр энергиясының өшірілуіне қатысты мәселелерді көтерді.

«Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге қызметкерлерді сақтандыру мәселесіне қатысты хабарламалар келіп жатыр. Кейбір жағдайларда айыппұл сомалары айтарлықтай көлемге жетеді. Мұндай талаптардың қаншалықты заңды екенін білгіміз келеді. Сонымен қатар біздің бизнесіміз үшін электр энергиясының өшірілетіні туралы алдын ала хабарлау маңызды. Себебі біз тапсырыс бойынша жұмыс істеп, өнімдерді алдын ала дайындаймыз», — деді Замира Мауленова.

Талқылау қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге тиісті түсініктемелер берілді.

Сонымен қатар Палата директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Нурия Муратова кәсіпкерлерге арналған BusinessGO қосымшасының мүмкіндіктерін таныстырды. Аталған қосымша кәсіпкерлерге бизнеске қажетті өзекті ақпарат пен сервистерді алуға мүмкіндік береді.

Нуржан Ермуханов өз кезегінде Палатаның аудан деңгейіндегі бизнес өкілдерімен тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіпкерлермен жұмыс жекелеген кездесулермен ғана шектелмеуі керек. Аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасымен және Палата басшылығымен тұрақты түрде бірлескен кездесулер өткізуді ұсынамын. Бұл туындаған мәселелерді жедел қарастырып, оларды шешу жолдарын бірлесіп табуға мүмкіндік береді», — деді Нуржан Ермуханов.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар одан әрі қарау үшін жұмысқа алынды.