Жылыой ауданында бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігі және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шаралары талқыланды

08.10.2026
Жылыой ауданында бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігі және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шаралары талқыланды

Жұмыс сапарымен Жылыой ауданына Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов барды. Сапар барысында ол аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрлановпен, аудандық Кәсіпкерлер кеңесі мен Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі, жобаларды қаржыландыру, өткізу нарықтарын кеңейту және жергілікті өндірісті дамыту мәселелері талқыланды.

Жылыой ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Халелова кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалардың болуы ғана емес, олардың нақты қолжетімділігі де маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде кәсіпкерлерге тек оқыту мен консультация ғана емес, нақты нәтижеге дейін практикалық сүйемелдеу қажет. Өзекті мәселелердің қатарында бастаушы кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, жем-шөп шығындарын субсидиялау, жайылымдарды сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің тұрақты өткізу нарықтарына шығуы бар. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және жұмыс істеп тұрған жобаларды сүйемелдеуге де ерекше көңіл бөлу қажет», — деді Ақмарал Халелова.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұхановтың айтуынша, кәсіпкерлермен жергілікті жерде жұмыс істеу нақты мәселелерді анықтап, әр ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, оларды шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді.

«Палата үшін кәсіпкерлерге қолданыстағы қолдау шаралары туралы ақпарат беру ғана емес, олардың жобаларын іске асыру барысында қандай нақты кедергілерге тап болатынын түсіну маңызды. Мұндай жұмыс кездесулері бизнестің мәселелерін тікелей естіп, мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен бірлесіп, көтерілген мәселелерді шешудің нақты тетіктерін айқындауға мүмкіндік береді», — деді Нұржан Ермұханов.

Сапар барысында Палата директоры кәсіпкер Азамат Владимирұлының бұдан бір жыл бұрын ашқан коррекциялық орталығына да барды. Көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту мақсатында кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру алған.

Кәсіпкер 10,8 млн теңге көлемінде қаржыландыру алып, оған УДЗ аппаратын сатып алған. Бүгінде орталық даму ерекшеліктері бар балаларға қызмет көрсетіп, ай сайын 30 балаға дейін қабылдайды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тараптар көтерілген мәселелер бойынша жұмысты жалғастырып, Жылыой ауданы кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған нақты шешімдерді бірлесіп әзірлеуге келісті.