Бизнес үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері: ШҚО кәсіпкерлеріне заңнаманың жаңа талаптары түсіндірілді
Пара берілгенге дейін қандай жағдайда жауапкершілік туындауы мүмкін? Лауазымды тұлғаның мүдделер қақтығысы кәсіпкерлерге қатысты қабылданатын шешімдерге қалай әсер етеді? Компаниялар өздерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау үшін қандай шаралар қабылдауы қажет? Осы мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерге арналған бизнес өкілдерімен кездесудің негізгі тақырыптарына айналды.
Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев атап өткендей, бизнес үшін заңнама талаптарын білу ғана емес, жасанды әкімшілік кедергілерсіз жұмыс істеу мүмкіндігі де аса маңызды. Кәсіпкер үшін сыбайлас жемқорлық - заңсыз төлемдер жасау тәуекелі ғана емес. Бұл сондай-ақ бәсекелестіктегі теңсіздік, шешім қабылдау мерзімдерінің созылуы және қосымша шығындар.
Кәсіпкерлерге жаңа талаптар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Архат Бейсембаев айтып берді.
Кездесуде заңнамалық өзгерістердің кәсіпкерлік қоғамдастық үшін практикалық салдарына басты назар аударылды.
Ең маңызды жаңашылдықтардың бірі — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап пара беруге уәде бергені, пара ұсынғаны және пара талап еткені үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі.
Егер бұрын негізгі назар заңсыз сыйақыны нақты беру фактісіне аударылса, жаңа нормалар сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын келісімге келу кезеңінің өзінде кесуге мүмкіндік береді.
Бұл кәсіпкерлер үшін өз әрекеттеріне ғана емес, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайтын қызметкерлердің, компания өкілдерінің және делдалдардың іс-әрекеттеріне де мұқият қарау қажеттігін білдіреді.
Әкімшілік заңнамадағы өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жеке тұлғаларды әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұзартылды.
Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ықтимал, нақты және орын алған мүдделер қақтығысын ажыратуды көздейтін ережелер енгізіледі. Нақты мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда екі жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша хабарлама беру қарастырылған.
Бизнес үшін бұл өзгерістер мемлекеттік сатып алуға қатысу, мемлекеттік қолдау шараларын алу, тексерулерден және рұқсат беру рәсімдерінен өту кезінде ерекше өзектілікке ие.
Бұл ретте лауазымды тұлғамен туыстық немесе таныстық қатынастың болуы өздігінен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы болып саналмайды. Жеке мүдделіліктің қабылданатын шешімнің объективтілігіне әсер етуі және мүдделер қақтығысын реттеу шараларының уақтылы қабылдануы шешуші мәнге ие.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесіндегі өзгерістер мен мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін ажырату мәселелері қаралды.
Кәсіпкерлер үшін артық келісу рәсімдерін жою, құжаттарды негізсіз талап етуге және шешімдерді өз бетінше қабылдау жағдайларына жол бермеу жұмыстары ерекше маңызға ие.
Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі де жеке талқыланды. Бұл ретте мәселені жай ғана тіркеу жеткіліксіз. Оны шешу үшін нақты іс-шараларды, жауапты тұлғаларды және орындау мерзімдерін айқындау маңызды.
Кәсіпкерлер де өз кезегінде нақты әкімшілік кедергілерді, олардың бизнеске тигізетін салдарын және жоюдың ықтимал жолдарын көрсете отырып, осындай тәуекелдерді анықтауға үлес қоса алады.
Архат Бейсембаев сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысын ұйымдастыру, олардың тәуелсіздігі және құқық бұзушылықтардың алдын алудағы рөлі мәселелеріне тоқталды.
Бизнес пен квазимемлекеттік сектордың өзара іс-қимылына, оның ішінде сатып алуды өткізу, шарттар жасасу және міндеттемелерді орындау кезіндегі мәселелерге ерекше назар аударылды.