Өңірлік кеңесте кәсіпкерлерді қаржыландыру және палатаның алдағы жұмысы талқыланды
Бүгін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес отырысы өтіп, онда кәсіпкерлікті қаржылық қолдау тетіктері, бизнестің өзекті мәселелері және Палатаның алдағы жұмысына қатысты бірқатар маңызды шешімдер қаралды.
Жиынды Түркістан облысы мәслихатының төрағасы, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
Алғашқы мәселе кәсіпкерлерді қаржыландыру мүмкіндіктеріне арналды. «Банк ЦентрКредит» АҚ Түркістан облысы филиалының басшысы Нұрсұлу Егембердиева банк ұсынатын қаржыландыру құралдары мен кәсіпкерлік жобаларды қолдау тетіктері жөнінде ақпарат берді.

Кездесуде кәсіпкерлер үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру және бизнес өкілдерінің қолданыстағы қолдау құралдарын тиімді пайдалану мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.
Отырыстың негізгі мәселелерінің бірі – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIV съезіне Түркістан облысынан делегаттар сайлау болды.
Белгілі болғандай, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті XIV съезін 2026 жылғы 25 қарашада өткізу жоспарланған. Съезд жұмысына өңірлік кеңестерден сайланған өкілдер де қатысады. Осыған байланысты Өңірлік кеңес мүшелеріне делегаттыққа ұсынылған кандидаттар таныстырылып, ашық дауыс беру өткізілді.

Нәтижесінде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінен 11 кәсіпкер делегаттардың негізгі құрамына сайланды. Сонымен қатар резервтік делегаттар құрамы бекітілді.
Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов XIV съездің маңыздылығына тоқталып, өңірден сайланған делегаттарға кәсіпкерлердің ортақ мүддесін жеткізу міндеті жүктелетінін атап өтті.
«Алдағы XIV съезд – кәсіпкерлік қауымдастық үшін маңызды алаң. Бұл – өңірлердегі бизнестің өзекті мәселелерін республикалық деңгейде көтеріп, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын ортақ талқылауға мүмкіндік беретін маңызды жиын. Сондықтан Түркістан облысынан сайланатын делегаттарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар өңір кәсіпкерлерінің ортақ пікірін білдіріп, бизнестің нақты мәселелерін съезд жұмысына енгізуге атсалысуы тиіс», – деді Нұралы Әбішов.

Өз кезегінде Палата директоры Асылан Ибадуллаев сайланған делегаттардың алдағы жұмысына тоқталып, олардың өңір кәсіпкерлерінің ұсыныстарын республикалық деңгейде жеткізудегі рөлін атап өтті.
«Сайланған делегаттардың алдында маңызды міндет тұр. Олар Түркістан облысының кәсіпкерлерінен келіп түсетін ұсыныстар мен өзекті мәселелерді жүйелі түрде жеткізіп, олардың шешілуіне ықпал етуі қажет. Палата тарапынан делегаттарға қажетті қолдау көрсетіліп, өңір бизнесінің ортақ ұстанымын съезд жұмысына сапалы түрде ұсынуға жағдай жасалады», – деді Асылан Ибадуллаев.
Бұдан бөлек, отырыста Палатаның аудандық филиалдарының жұмысын ұйымдастыруға қатысты мәселе қаралды. Өңірлік кеңес шешімімен Қайрат Асылболатов Түлкібас аудандық филиалының директоры қызметінен Сайрам аудандық филиалының директоры лауазымына ауыстырылды.

Жиын барысында Палатаның ішкі ұйымдастырушылық мәселелері де талқыланып, кәсіпкерлердің міндетті мүшелік жарналарды уақытылы төлеуінің маңыздылығы айтылды.

Өңірлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті шешімдер қабылданып, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру және өңірлік кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін жұмыстарды одан әрі жалғастыру міндеттері айқындалды.