Түркістанда кәсіпкерлерге арналған ашық есік күні өтті
Бүгін Түркістан қаласында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіруге бағытталған «Даму» қорының Ашық есік күні өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысып, кәсіпкерлердің өзекті сұрақтарына жауап беріп, бизнесті қолдау тетіктері бойынша кеңес берді.

Шара барысында кәсіпкерлерге «Даму» қорының бағдарламалары, жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері, банктердің кәсіпкерлік жобаларды қолдау құралдары, сондай-ақ салық және басқа да өзекті мәселелер бойынша ақпарат берілді.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков кәсіпкерлер үшін мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті:
«Кәсіпкерлерге қолдау құралдарының бар екенін білу ғана жеткіліксіз. Ең бастысы – сол мүмкіндіктерді қалай тиімді пайдалануға болатынын түсіну. Осындай ашық форматтағы кездесулер кәсіпкерлерге өз сұрақтарына тікелей мамандардан жауап алып, нақты жобалары бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді. Біз Кәсіпкерлер палатасы ретінде бизнестің әрбір бастамасына қолдау көрсетуге дайынбыз».

Іс-шара аясында кәсіпкерлер «Даму» қоры, екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік органдар және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандарынан жеке консультациялар алды.
