Еңбегімен елге үлгі болған жандарға құрмет көрсетілді

01.10.2026
Еңбегімен елге үлгі болған жандарға құрмет көрсетілді

1 қазан – Қарттар күніне орай Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында ел экономикасы мен кәсіпкерлік саласының дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосқан ардагер азаматтарға құрмет көрсетілді.

Палата директоры Асылан Ибадуллаев сала ардагерлері – Нұрлыбек Боранбаев пен Нәлібай Дәрібаевты мерекемен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы еселі еңбегін атап өтті.

Нұрлыбек Боранбаев – жарты ғасырдан астам уақытын ауыл шаруашылығы саласына арнаған білікті маман. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының «Агро кеңес беру орталығын» басқарып, шаруаларға тәжірибелік кеңес беріп, агросаланы дамытуға атсалысты. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының «Ясауи» білім тарату орталығына жетекшілік етіп, жас мамандар мен ауыл шаруашылығы өкілдерінің кәсіби дамуына үлес қосып келеді.

Ал Нәлібай Дәрібаев – Түркістан облысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары, кейін Ұлттық палатаның директорының кеңесшісі қызметтерін атқарып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау бағытында еңбек еткен азамат. Ол кәсіпкерлікпен қатар, меценаттық және шығармашылық бағытта да өзін танытып келеді.

Изображение

Салтанатты шара барысында ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аппарат басшысы, Басқарма мүшесі Нұрбек Нәлқожаның атынан Сауле Тулендиева мен Гүлназ Есетова да марапатталды.

Оларға «Кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі және өз еңбек міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін» марапаты табысталды.

Изображение

Еңбек жолы өнегеге, тәжірибесі кейінгі буынға бағыт-бағдарға айналған жандарға құрмет – дәстүрге айналған тағылымды үрдіс.