ЕАЭО-тың техникалық реттеу саласында бизнес ұсыныстары ескерілді
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы жанындағы Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитеттің 65-отырысы өтті.
Жиынға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің техникалық реттеу және санитариялық, ветеринариялық әрі фитосанитариялық шараларды қолдану мәселелеріне жауапты өкілдері, қазақстандық бизнес тарапынан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Техникалық реттеу департаментінің директоры Ерік Жалманбетов қатысты.
Отырыста «Атамекен» қазақстандық бизнестің күн тәртібіндегі үш мәселесін – теміржол, парфюмерлік-косметикалық және жоғары вольтты өнімдерге қатысты ұсыныстарын таныстырды. Ұсыныстардың екеуі қолдау тауып, ескерілді, ал тағы бір мәселе қосымша пысықтауға жіберілді.

Теміржол өнімдері
Маңызды нәтижелердің бірі – қазақстандық тараптың МЕМСТ 15.902-2014 «Өнімді әзірлеу және өндіріске қою жүйесі. Теміржол жылжымалы құрамы. Өнімді әзірлеу және өндіріске қою тәртібі» стандартын қолдануға қатысты ұсынысының ескерілуі.
Құжатта «алғаш рет сериялық сертификатталатын өнім үшін» деген арнайы ескертпе қарастырылды. Бұл сериялық өндірісі жолға қойылған өнімдер үшін бұған дейін аяқталған өмірлік цикл кезеңдерін, оның ішінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, қабылдау және біліктілік сынақтарының толық циклін қайта жүргізбеуге, сондай-ақ бекітілген конструкторлық және технологиялық құжаттаманы қайта қарамауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бірқатар өнім түрі бойынша аталған МЕМСТ-та көзделген құжаттарды ұсынуға қойылатын талаптарды енгізуге жол берілмеді. Осылайша, Палата бизнеске қойылатын артық талаптардың алдын алды.
Парфюмерлік-косметикалық өнімдер
Парфюмерлік-косметикалық өнімдерге арналған ЕАЭО техникалық регламентіне стандарттар тізбесінің жобасын бірнеше рет талқылау қорытындысы бойынша «Атамекен» отандық өндірушілермен бірлесіп бес қолайсыз мемлекетаралық стандарттың тізбеге енгізілуіне жол бермеді.
Бұл саланың өндірушілері үшін қосымша талаптардың туындамауына және кәсіпорындардың жұмыс жағдайына түсетін артық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жоғары вольтты өнімдер
Жоғары вольтты жабдықтарға қатысты «Атамекен» қазақстандық бизнестің ұстанымын білдіріп, мұндай жабдықтарға қойылатын талаптар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы деңгейінде реттелуі қажет екенін атап өтті.
ЕЭК Кеңесінің шешімі жобасын талқылау барысында ҰКП жоғары вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы ЕАЭО техникалық регламентін әзірлеуді көздейтін ережені Жоспардан алып тастау қажеттігін тұрақты түрде көтеріп келген.
«Атамекен» ұстанымын қоса алғанда, айтылған ұсыныстарды ескере отырып, Консультативтік комитет мүшелері аталған мәселені қосымша пысықтауға жіберу туралы шешім қабылдады.
Осылайша, «Атамекеннің» ЕАЭО органдарының жұмысына қатысуы техникалық реттеу талаптарын қалыптастыру кезінде қазақстандық бизнестің практикалық ұстанымын ескеруге және отандық кәсіпорындар үшін артық реттеушілік кедергілерді болдырмауына мүмкіндік береді.