«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында 2027 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру тәсілдері талқыланды

09.10.2026
«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында 2027 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру тәсілдері талқыланды

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Техникалық реттеу және метрология комитетінің, «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК («ҚазСтандарт») өкілдерінің және бизнес өкілдерінің қатысуымен онлайн-кеңес өтті. Жиында Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру және бизнестің жаңа стандарттарды әзірлеу мен қолданыстағы стандарттарды өзектендіру жөніндегі ұсыныстары талқыланды. Негізгі назар жоспарды қалыптастыру тәртібіне, басым бағыттарды айқындауға және отандық кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерін ескеруге аударылды.

Кеңесті ашқан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов стандарттаудың салаларды дамыту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және техникалық кедергілерді жою үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда экономиканың негізгі салаларын қамтитын шамамен 10 мың ұлттық стандарт қолданылады. Сонымен қатар жекелеген бағыттар бойынша стандарттармен қамтылу, олардың өзектілігі және кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне сәйкестігіне қатысты мәселелер әлі де бар. Біздің міндетіміз – Ұлттық стандарттау жоспарын бизнес сұраныстарына барынша бейімдеп, нақты қажеттіліктерге бағыттау», – деді Тимур Жаркенов.

Изображение

«ҚазСтандарт» РМК Талдау және жүйелеу департаментінің басшысы Дәурен Шарипов Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру тәртібін таныстырды. Бұл үдеріс өтінімдерді жинау мен қарауды, жоспар жобасын әзірлеуді, жария талқылауды, салалық дөңгелек үстелдер өткізуді және түскен ұсыныстарды ескере отырып құжатты пысықтауды қамтиды. Мұндай тетік мемлекеттік органдардың, бизнес пен стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің басымдықтарын өзара үйлестіруге мүмкіндік береді.

«ҚазСтандарт» мәліметінше, 2027 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарының жобасына 119 өтінім түскен. Оның 21-ін мемлекеттік органдар, 83-ін заңды тұлғалар бірлестіктері, ұйымдар мен кәсіпорындар, ал тағы 15-ін стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер жолдаған.

«Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру мүдделі тараптардың ұсыныстарымен кезең-кезеңімен жұмыс істеуді көздейді. Өтінімдер салалардың нақты қажеттіліктерін көрсетуі, ал әзірленетін стандарттар сұранысқа ие болып, іс жүзінде қолданылуы маңызды. Осы мақсатта ұсыныстарды қарау, жария талқылау өткізу және өтінім берушілермен кері байланыс орнату тетіктері қарастырылған», – деді Дәурен Шарипов.

Изображение

«Атамекен» ҚР ҰКП-ның бизнес қажеттіліктерін анықтау бағытындағы жұмысының нәтижелері туралы Палатаның Басқарушы директоры –Техникалық реттеу департаментінің директоры Ерік Жалманбетов баяндады.

Оның айтуынша, Палата салалық бірлестіктермен және кәсіпорындармен бірлесіп, стандарттарды әзірлеу мен өзектендіру жөніндегі ұсыныстарды жүйелі түрде жинайды. Биыл осы бағытта бизнес өкілдеріне, атап айтқанда, ақпан және сәуір айларында тиісті сұраулар жолданған. Жұмыс қорытындысы бойынша 50-ге жуық стандартты әзірлеу жөнінде ұсыныс түскен. Олар мамыр айынан бастап пысықталып жатыр.

Қарау қорытындысы бойынша ұсыныстардың шамамен 10-ы Ұлттық стандарттау жоспарына енгізуге ұсынылды, ал қалғандары «ҚазСтандарт» РМК ескертулерін ескере отырып пысықталуда.

«Біздің мақсатымыз – стандарттау жөніндегі ұсыныстардың формалды түрде емес, кәсіпорындардың нақты міндеттері мен қажеттіліктеріне, өндіріс ерекшеліктеріне, қолданылатын технологияларға және бизнес тап болатын практикалық мәселелерге негізделіп қалыптастырылуын қамтамасыз ету. Бірлескен жұмыстың оң нәтижелері де бар. Атап айтқанда, табиғи тастан жасалған өнімдер мен цементке арналған ұлттық стандарттарды әзірлеу бағытында тәжірибе жинақталды. Мұндай тәсілді басқа салаларда да жүйелі түрде дамыту қажет», – деп атап өтті Ерік Жалманбетов.

Изображение

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға және салалардың қажеттіліктерін қосымша анықтауға келісті. Бизнес өкілдеріне өндірістік үдерістер мен технологиялық талаптарды ескере отырып, жаңа стандарттарды әзірлеу немесе қолданыстағы стандарттарды өзектендіру қажеттілігін бағалау ұсынылды.

«Атамекен» кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинау және жүйелеу жұмыстарын жалғастырып, экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін әрі отандық өндірістің дамуына ықпал ететін Ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыруға жәрдемдеседі.