Ақтөбеде жекеменшік балабақшалардың өзекті мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңестің отырысы өтті. Жиынға Ақтөбе облысының білім басқармасының, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің, Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, қалалық және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметтерінің, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы және Bilim Invest өкілдері қатысты.
Кездесуде мектепке дейінгі ұйымдарды 2027 жылы ваучерлік және жан басына шаққандағы қаржыландыру, алдағы лицензиялау талаптары, санитариялық нормалардың сақталуы және балаларды вакцинациялау мәселелері қаралды.
«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының» Ақтөбе қаласы мен облысы бойынша филиалының төрайымы Әсем Ильясова вакцинацияның жұқпалы аурулардың алдын алудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, балаларды екпемен қамту көрсеткішінің төмендігі үшін жауапкершіліктің балабақшаларға жүктелуі іс жүзінде бірқатар қиындық туғызатынын айтты.
«Біз жұқпалы аурулардың алдын алу қажеттігін түсінеміз және вакцинацияның маңызын жоққа шығармаймыз. Алайда іс жүзінде балалардың екпе алу деңгейінің төмендігі үшін жауапкершілік мектепке дейінгі ұйымдарға жүктеліп отыр. Баланы вакцинациялау туралы шешімді балабақша қабылдамайды және ата-аналарды екпе жасауға міндеттейтін заңды тетіктері де жоқ», — деді Әсем Ильясова.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің өкілдері медициналық құжаттарды, оның ішінде профилактикалық екпелер карталарын жүргізу және электрондық медициналық кітапшалардың болуы жөніндегі талаптарды түсіндірді. Сондай-ақ өндірістік зертханалық бақылау жүргізу үшін жеке зертханалармен шарт жасасу міндетті емес екені айтылды.
Отырысты қорытындылаған кеңес төрайымы Күлпаршын Айдарханова көтерілген мәселелерді жан-жақты қарастыру үшін Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының, Білім басқармасының және басқа да бейінді мемлекеттік органдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.
