Белгілі кәсіпкерлер Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жастармен кездесті
Павлодар бизнесінің танымал өкілдері өңірлік «Атамекен» Палатасында студенттік кәсіпкерлікті қолдауға арналған гранттар конкурсына қатысып жатқан монтаждау колледжінің студенттерімен кездесті. Кездесуді ӨКП директоры Айдос Шайхислам өткізді.

Диалогқа Павлодар монтаждау колледжінің екінші курс студенттері қатысты. Олар студенттік кәсіпкерлікті қолдауға арналған гранттар конкурсы аясындағы турнирге қатысып жатыр. Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам бұл кездесуді еркін пікір алмасу форматында өткізуді ұсынды.
Жастардың ұсыныстары мен ой-пікірлерін тыңдап, оларға өз кеңестерін кәсіпкерлер, оның ішінде «Атамекен» ӨКП салалық кеңестерінің мүшелері мен гранттық конкурстардың жеңімпаздары берді.

«Олардың практикалық тәжірибесі мен ақыл-кеңестері студенттер үшін пайдалы болады деп сенеміз», – деді Айдос Шайхислам.
Ол колледж студенттеріне Кәсіпкерлер палатасының негізгі функциялары туралы айтып берді.

Павлодар облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, Павлодар облысы Құрылыс ұйымдары қауымдастығының директоры Думан Токашев бизнесте бағыт пен нарықтық нишаны дұрыс әрі байыппен таңдаудың маңыздылығына тоқталып, өзінің тәжірибесімен бөлісті.
«Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі салалық кеңестің төрағасы ретіндегі қоғамдық жұмысымның негізгі бағыты – құрылыс және осы салаға қатысты «құрылыс маңындағы» ұйымдар, өнеркәсіптік компаниялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындары. Мұның бәрі әртүрлі салалар болғанымен, бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ал өзімнің кәсіпкерлік қызметімді іс жүзінде нөлден бастадым, оның өзіндік тарихы бар», – деп атап өтті Думан Токашев.

Басқа қалада болғанына қарамастан, жастармен бейнеконференцбайланыс арқылы арнайы әңгімеге «ЭкоДом-Павлодар» ЖШС директоры, гранттық қаржыландыру иегері және Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы Марина Рейдина қосылды.
«Алты жыл бұрын ұлттық тәттілер (құрт, қоспа, қызыл ірімшік), сондай-ақ қолөнер ірімшіктерін өндіретін өз кәсіпорнымды құрдым. Алғашқы құртты желтоқсан айында терезенің алдында жасадық. Бізде ештеңе болған жоқ: үстел де, қажетті құрал-жабдықтар да болмады. Ал алты жылдың ішінде Қазақстандағы ұлттық өнім өндіретін жетекші кәсіпорындардың біріне айналдық», – деп әңгімеледі Марина Рейдина.
Студенттерге әлеуметтік кәсіпкер, «Инклюзивті мектеп «BrainPark» және «Эко-ойыншықтар Oina!» жобаларының негізін қалаушы Жанара Әубәкірова да өзінің кәсіпкерлік жолы туралы көптеген пайдалы әрі қызықты ақпаратпен бөлісті.
Жанара Әубәкірова – Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі салалық кеңестің төрағасы және «Kutubu sitta» ЖШС директоры.