Мемлекеттік жобаларды іске асыруда бизнес пен мемлекет бірдей жауапты – Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында семинар өтті
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмау тәуекелдерін камералдық бақылау мәселелеріне арналған семинар өтті. Оған тапсырыс берушілер – мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс қауымдастықтарының өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Оқытуды Павлодар облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Алмас Ахмедиянов жүргізді. Семинарда шарттардың орындалуын және құрылыс-монтаж жұмыстары бөлігіндегі мемлекеттік сатып алуды превентивті бақылаудың жаңа құралы талқыланды.
Ведомство өкілі Айнұр Капенованың айтуынша, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері мониторинг жүргізіп, жыл сайын тапсырыс берушілердің бюджет қаражаты есебінен орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарлар үшін ақы төлеуіне байланысты қаржылық бұзушылықтарды анықтайды.

«2024 жылы 26 миллиард теңге сомасында бұзушылықтар анықталды, 2025 жылы бұл көрсеткіш 59,5 миллиард теңгені құрады, ал 2026 жылдың өткен кезеңінде оның көлемі 95,2 миллиард теңгеге жетті. Көріп отырғанымыздай, көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмау тәуекелдерін алдын ала анықтау тетігін әзірледі. Камералдық бақылаудың мақсаты – осындай сатып алуларға жұмсалатын бюджет қаражатының негізсіз пайдаланылуына жол бермеу және мемлекеттік аудит объектілерінің әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылу тәуекелдерін азайту», – деп түсіндірді ол.
Айнұр Капенованың мәліметінше, шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін департамент жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгені құрайтын орындалған жұмыстардың 51 актісіне камералдық бақылау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша 22 хабарлама жолданған.

Сонымен қатар шарттық міндеттемелерді орындау мемлекет атынан әрекет ететін тапсырыс берушіге де, мердігер кәсіпкерге де жүктелетіні атап өтілді. Тапсырыс беруші орындалған жұмыстардың нақты көлемін қабылдап, ақысын төлеуге және олардың көлемі мен сапасын тексеруге міндетті. Ал мердігер кәсіпкер өзіне алған міндеттемелерді толық әрі тиісінше орындауы қажет.
«Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ретінде бизнесті мемлекет алдындағы шарттық міндеттемелерді орындау барысында туындауы мүмкін тәуекелдер мен бұзушылықтардан қорғағымыз келеді. Кәсіпкерлердің іскерлік беделіне нұқсан келмеуі, олардың шығынға ұшырамауы және жобаларды іске асыру сапасының төмендеуіне жол берілмеуі маңызды», – деді Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.