Түркістанда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелер қаралды
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиында кәсіпкерлердің жерді пайдалануына байланысты туындаған түйткілдер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын талаптардың негізділігі талқыланды.
Отырыс барысында Сауран ауданының Шаға және Яссы ауылдық округтерінен Түркістан қаласының аумағына енгізілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалға алу мәселесі қаралды. Аталған аумақта шамамен 80 шаруа қожалығының 600 гектардан астам жері бар. Әкімшілік шекараның өзгеруіне байланысты жалдау ақысын қайта есептеу қажеттігі туындап, бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қосымша қаржылық салмақ түсіруі мүмкін.

Кеңес мүшелері жер учаскелерінің нақты ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатынын ескере отырып, жалдау ақысының мөлшерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта қараудың құқықтық негіздерін зерделеу қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Сарыағаш ауданындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу талабына қатысты болды. Ауданның білім бөлімі 139 мектепке дейінгі ұйымға осындай талап қойған. Олардың қатарында тәрбиеленушілер саны 100-ге жетпейтін жекеменшік балабақшалар да бар.

Кәсіпкерлердің пікірінше, бейнебақылау жүйелерін орталыққа қосу үшін қосымша жабдықтар орнату, интернет желісін қамтамасыз ету және тұрақты абоненттік төлемдерді төлеу қажет. Осыған байланысты талаптарды барлық нысанға бірдей қолданудың заңдылығы мен негізділігін нақтылау мәселесі көтерілді.

Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және олардың қызметіне әсер ететін мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңызын атап өтті.
«Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – өңірдегі іскерлік ортаны дамытуға тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Егер белгілі бір талап кәсіпкердің қызметіне қосымша шығын әкелсе, оның заңдылығы мен қажеттілігі жан-жақты негізделуі керек. Кеңестің міндеті – осындай мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің өзара іс-қимылы арқылы нақты шешімдерге қол жеткізуге ықпал ету», – деді Орынбасар Кабиштаев.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың заңдылығы мен олардың нақты қызмет жағдайларына сәйкестігін ескеру қажеттігіне тоқталды.
«Кәсіпкерлерге қойылатын әрбір талаптың нақты құқықтық негізі болуы және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолданылуы маңызды. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлер көтерген мәселелердің себептерін зерделеп, уәкілетті органдармен бірлесіп, заң аясында шешу жолдарын қарастыру. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз қаржылық жүктеме түсірмеу мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс», – деді Зухра Амирова.

Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді қолданыстағы заңнама аясында зерделеу, тиісті уәкілетті органдармен бірлесіп қарастыру және кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірлеу қажеттігі атап өтілді.