Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы қайта сайланды
5 қазанда Жезқазған қаласында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Кездесу барысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және бизнес өкілдерінің өңірдегі ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимылын нығайту мәселелері қаралды.
Отырысты Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ғалым Жұмабайұлы Нұржанов жүргізді. Жиынға Өңірлік кеңес мүшелері мен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы дирекциясының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Өңірлік кеңестің төрағасын сайлау болды. Өңірлік кеңес туралы үлгілік ереженің 2.17-тармағына сәйкес Ғалым Жұмабайұлы Нұржанов Өңірлік кеңестің төрағасы болып сайланды.
Отырыс барысында сатып алуларды жергіліктендіру және жергілікті бизнестің ірі кәсіпорындарды қажетті тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етуге қатысу аясын кеңейту мәселелері де қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша сатып алуларды жергіліктендіру бағытында одан әрі пысықтауға ұсынылатын бизнес-жобалар тізімі бекітілді. Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасына іріктелген бизнес-жобаларды одан әрі сүйемелдеу, сондай-ақ сатып алу мәселелері бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл тәсіл жергілікті кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер ашуға және сатып алулардағы отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Отырысқа қатысушылар «Business Go» жобасына да ерекше назар аударды. Өңірлік кеңес Палатаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жобаның мүмкіндіктері туралы хабардар ету жұмысын жалғастыруды және оларға ақпараттық қолдау көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар Өңірлік кеңестің жұмыс жоспары мен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының медиа-жоспары қаралды. Өңірлік кеңес мүшелеріне медиа-жоспарда көзделген іс-шараларға белсенді қатысу, сондай-ақ кәсіпкерлік қоғамдастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу ұсынылды.
Отырыс барысында Ұлытау облысының әкімімен өтетін кездесуге дайындық мәселелері де талқыланды. Өңірлік кеңес мүшелеріне бизнес өкілдерінің ұсыныстарын жинақтау, өзекті проблемалық мәселелердің тізбесін қалыптастыру және оларды алдағы кездесудің материалдарына енгізу тапсырылды.





