ЕАЭО мен БАӘ арасындағы келісім күшіне енді: тарифтік преференциялар үшін сертификатты қалай рәсімдеуге болады?

12.10.2026
ЕАЭО мен БАӘ арасындағы келісім күшіне енді: тарифтік преференциялар үшін сертификатты қалай рәсімдеуге болады?

2026 жылғы 6 қазанда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) арасындағы Экономикалық әріптестік туралы келісім күшіне енді. Құжат сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған және тауарлардың кең ауқымы бойынша импорттық кедендік баждарды жоюды немесе төмендетуді көздейді. Келісімде қарастырылған тарифтік преференцияларды қолдану үшін экспорттаушылар өнімнің шығу тегін белгіленген талаптарға сәйкес растауы қажет.

Осы мақсатта тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың бірі ретінде «EAE» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат белгіленген.

Сертификатты алу үшін кәсіпкерлер өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, өнімнің шығу тегін растайтын белгіленген құжаттар топтамасын ұсынуы қажет.

Ұсынылған құжаттар қаралып, тауар Келісімде белгіленген шығу тегін айқындау өлшемшарттарына сәйкес келген жағдайда өтініш берушіге «EAE» нысанындағы сертификат беріледі. Бұл құжат ЕАЭО мен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестік шеңберінде тарифтік преференцияларды алу кезінде тауардың шығу тегін растау үшін қолданылады.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы БАӘ нарығына шығуды жоспарлап отырған экспорттаушыларға тауардың шығу тегін айқындау қағидаларымен және сертификатты рәсімдеуге қойылатын талаптармен алдын ала танысуды ұсынады.

«EAE» нысанындағы сертификатты рәсімдеу бойынша толық түсіндірмені кәсіпкерлер «Атамекен» ҚР ҰКП-нан және өңірлік кәсіпкерлер палаталарынан ала алады.

ЕАЭО мен БАӘ арасындағы Экономикалық әріптестік туралы келісімнің толық мәтіні Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында жарияланған: eec.eaeunion.org.