ШҚО кәсіпкерлері жаңа камералдық бақылау мемлекеттік сатып алу процесін тежейді деп алаңдайды

13.10.2026
ШҚО кәсіпкерлері жаңа камералдық бақылау мемлекеттік сатып алу процесін тежейді деп алаңдайды

Бюджет қаражатын қорғау ма, әлде қосымша әкімшілік кедергі ме? Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері мемлекеттік сатып алу аясында орындалған жұмыстар актілеріне камералдық бақылау жүргізудің жаңа тетігіне алаңдаушылық білдіруде. Олардың пікірінше, қосымша тексерулер мердігерлермен есеп айырысу мерзімін ұзартып, жобалардың іске асырылуына кері әсер етуі және бюджет қаражатының игерілмеу қаупін туғызуы мүмкін. Бір атап өтерлігі, кәсіпкерлердің бұл алаңдаушылығын мемлекеттік органдардың өкілдері де бөлісіп отыр.

Аталған мәселе Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында талқыланды. Жиынға ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің (ІМАД) өкілдері, мемлекеттік тапсырыс берушілер мен өңірдегі құрылыс компанияларының басшылары қатысты.

1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмау тәуекелдеріне камералдық бақылау жүргізудің жаңа тетігі қолданысқа енгізілді. Оның мақсаты – бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеу.

Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қосымша бақылаудың қажеттілігін өткен жылдардағы тексерулердің статистикалық деректерімен түсіндіреді. Атап айтқанда, 2024 жылы орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарларға ақы төлеуге байланысты 318,6 млн теңгенің, 2025 жылы 879,9 млн теңгенің, ал 2026 жылы 69,4 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталған.

1 шілдеден бастап аумақтық департаменттер жалпы сомасы 63 млрд теңгені құрайтын 585 актіні қарап, 35,5 млрд теңгеге қатысты 267 хабарлама жолдаған.

Алайда кәсіпкерлерді жаңа тетіктің төлем мерзімдеріне қалай әсер ететіні алаңдатып отыр.

ІМАД өкілдерінің түсіндіруінше, камералдық бақылау бір жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін жүргізіледі және шартта белгіленген орындалған жұмыстар үшін ақы төлеудің 30 күндік мерзімін ұзартпауы тиіс.

Алайда кәсіпкерлердің есебі басқаша. Бастапқы тексерудің өзі бес күнге дейін созылады. Одан кейін анықталған ескертулерді жоюға және құжаттарды қайта қарауға қосымша уақыт қажет. Кәсіпкерлердің есептеуінше, барлық рәсімдер 30 күнге, тіпті одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін.

Осы уақыт ішінде жұмысты орындап қойған мердігер төлемін ала алмай қалу қаупіне тап болады. Ал оның қызметкерлерге жалақы төлеуі, жеткізушілермен есеп айырысуы және басқа шарттар бойынша міндеттемелерін орындауы қажет.

Тағы бір өзекті мәселе – тексеру жүргізетін мамандардың кәсіби құзыреттілігі. Кәсіпкерлер арнайы инженерлік білімсіз құрылыс сметаларын, орындалған жұмыс көлемін және материалдардың техникалық сипаттамаларын қаншалықты объективті бағалауға болатынына күмән келтіреді.

Мәселен, электрондық шот-фактурадағы құрылыс материалының атауы жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген атаудан өзгеше болуы мүмкін. Сонымен қатар құрылыс материалдары көбіне алдын ала сатып алынып, кәсіпорын қоймасында сақталады.

ІМАД өкілдері мұндай жағдайлардың өздігінен заңбұзушылық болып саналмайтынын түсіндірді. Материалдардың сәйкестігі техникалық сипаттамалармен, сертификаттармен және бастапқы бухгалтерлік құжаттармен расталуы мүмкін.

Дегенмен кәсіпкерлер құжаттарды әртүрлі түсіндіруге және негізсіз ескертулер жасауға жол бермеу үшін мұндай мәселелерді нақты реттеу қажет деп есептейді.

Бір атап өтерлігі, мемлекеттік тапсырыс берушілер де алаңдаушылық білдірді. Қосымша тексерулер, әсіресе қаржы жылының соңында, төлемдердің кешіктірілуіне және бюджет қаражатының игерілмей қалуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте бюджеттің уақтылы орындалуына қатысты мемлекеттік органдардың жауапкершілігі сақталады.

Кәсіпкерлердің пікірінше, бақылау тетігін жетілдіру қажет. Ең алдымен, тексерудің нақты өлшемшарттарын белгілеп, камералдық бақылауға жататын материалдардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесін бекіту ұсынылды.

Тағы бір ұсыныс – құндық шекті белгілеу. Яғни қосымша камералдық бақылауды белгілі бір сомадан асатын орындалған жұмыстар актілеріне ғана жүргізу. Бұл бюджет қаражатының елеулі көлемдегі шығыстарына назар аударып, шағын сатып алуларға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жангирханова мәселе мемлекеттік бақылаудан бас тарту туралы емес екенін атап өтті.

«Мемлекет қаражатының пайдаланылуын бақылау қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді. Алайда бұл бақылаудың түсінікті, объективті болуы және адал кәсіпкерлер үшін қосымша кедергіге айналмауы маңызды. Егер жұмыстар орындалып, тапсырыс беруші тарапынан қабылданып, құжаттармен расталса, мердігер өз төлемін уақтылы алуы тиіс», – деді Айжан Жангирханова.

Талқылау қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді одан әрі пысықтау, атап айтқанда, камералдық бақылау өлшемшарттарын нақтылау, тексерілетін позициялар тізбесін айқындау және құндық шек белгілеудің орындылығын бағалау қажеттігі атап өтілді.