«Кесте бойынша» шектеулер: полиция бизнеске жол берді, бірақ заңдылыққа қатысты сұрақтар әлі ашық…

13.10.2026
«Кесте бойынша» шектеулер: полиция бизнеске жол берді, бірақ заңдылыққа қатысты сұрақтар әлі ашық…

Петропавл қаласындағы Интернациональная көшесі, 66 мекенжайында орналасқан ойын-сауық кешенінің маңындағы тыйым салатын жол белгілері төңірегіндегі дау әлі де толық шешімін тапқан жоқ. СҚО Кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін және бизнестің талабымен жол полициясы шектеулерді біршама жеңілдетті. Дегенмен, ғимарат иелері, жалға алушылар мен палата заңгерлері басты сұрақтарға жауап алуды көздеп отыр: бұл белгілер әу баста қаншалықты заңды орнатылды және кәсіпкерлердің шығынын кім өтейді?

Еске сала кетейік, қыркүйек айында ойын-сауық кешенінің жанына 3.1 «Кіруге тыйым салынады» («кірпіш») және 3.2 «Қозғалысқа тыйым салынады» белгілерінің орнатылуы жағдайды ушықтырып жіберген еді. Ол кезде кәсіпкерлер нысандардың іс жүзінде бұғатталғанын мәлімдеді: танымал орындарға көлікпен жақындау мүмкін болмай, бұл өз кезегінде келушілер саны мен түскен табысқа кері әсерін тигізді.

Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Осыдан кейін полиция қызметкерлері бизнес өкілдерінің өтінішіне ішінара құлақ асты. Енді 3.2 белгісінің астына уақыт тақташасы қойылып, оның шектеуі тек түнде – сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ғана қолданылатын болды.

СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Алтынбек Жамалиев қол қойған ресми жауапта бұл шектеулер бизнестің мүддесін шектеу емес, тек жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілгені айтылған.

«Аталған шаралар әсіресе түнгі уақытта өзекті, өйткені тікелей жақын жерде ойын-сауық кешені орналасқан. Бұл кезеңде мекемеге келушілер, соның ішінде ішімдік ішкен азаматтар, аумақта және жолдың жүру бөлігіне жақын жерде ретсіз қозғалуы мүмкін, бұл қосымша қауіп төндіреді», — деп атап өтіледі СҚО ПД ӘПБ жауабында.

Дегенмен, СҚО Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері мен кәсіпкерлердің өзі мұндай ішінара жеңілдікті жартыкеш шешім деп санайды.

«Тәулік бойы қолданылған тыйымды қауіпсіздікке нұқсан келтірмей-ақ түнгі уақытқа дейін қысқарту фактісінің өзі бұрынғы шектеулердің артық болғанын көрсетеді. Осыдан заңды сұрақ туындайды: олар неліктен әу баста тәулік бойы күшінде болды және осы кезеңдегі бизнестің шығындары үшін кім жауап берді? Біз де, кәсіпкерлер де басқа да сұрақтарға жауап күтеміз. Кешен жанындағы жол қозғалысын ұйымдастыру схемасы нақты қай құжатпен бекітілген? Осы учаскедегі апаттылық деңгейіне талдау жүргізілді ме және белгілерді орнату туралы шешімге қандай деректер негіз болды? Полицияның жауабында мұндай шешім қабылдау кезінде ғимарат иелері мен жалға алушылардың пікірі ескерілді ме, жоқ па деген ақпарат та жоқ», — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Айдос Кеңбеилов.

Палата заңгерлері мен кәсіпкерлердің жеке таңданысын тудырған сәт — түнгі қауіпсіздік туралы уәж болып отыр. Атап айтқанда, «ішімдік ішкен және аумақта немесе жолдың жүру бөлігіне жақын жерде ретсіз қозғалып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіретін әрі жол-көлік оқиғасы қаупін арттыратын» келушілерге сілтеме жасау, мәні жағынан, жекелеген құқық бұзушылықтардың алдын алу жауапкершілігін бизнес мойнына артып қоюмен тең.

Палата заңгерлері бұл оқиғаға әлі де нүкте қоюға ерте деп есептейді. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша прокурорлық тексеру жүргізілуде. Жол қызметтерінің әрекетіне құқықтық баға бeріп, даулы белгілерді орнатудың қаншалықты негізді екенін дәл осы қадағалаушы орган анықтауы тиіс.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы жағдайды өз бақылауында ұстап отыр және прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижелері туралы жұртшылықты хабардар етуге уәде береді.