«Атамекен» Павлодар палатасының консультанттары әйелдерге бизнес негіздері бойынша онлайн оқыту өткізді
Бейнеконференцбайланыс арқылы өткен консультацияларға Павлодар облысының әйелдері қатысты. Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, көпбалалы аналар, декреттік демалыстағы әйелдер, сондай-ақ өз бизнесін дамытып жүрген немесе кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасауды жоспарлап отырған басқа да әйелдер бар.

Оқыту «Ресурсная мама. EXPO» атты алғашқы облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік форумына дайындық аясында өтті. Форумды өткізуге қолдау көрсетуді «Ресурсная мама» қорының жетекшісі Марал Бекбергенова сұрады. Ол бұған дейін Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасына ынтымақтастық орнату туралы ұсыныспен жүгінген болатын.
«Марал Бекбергенова алғашқы облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік «Ресурсная мама. EXPO» форумын өткізуге қолдау көрсетуді сұрады. Форум ұйымдастырушылары үшін EXPO жай ғана көрме алаңы болып қалмай, қатысушылардың идеядан тұрақты кәсіпке көшуіне, қажетті білім алуына, өз өнімдерін, қызметтері мен жобаларын таныстыруына, клиенттер мен серіктестер табуына, инвесторларды тартуына, сондай-ақ бизнесті одан әрі дамыту мен ауқымын кеңейту мүмкіндіктеріне жол ашатын нақты алаңға айналуы маңызды», – дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.

Форумға дайындық барысында ұйымдастырушылар қатысушыларға қашықтан оқыту ұйымдастырып, кәсіпкерлік мәселелері бойынша бірқатар онлайн-консультация өткізуді жоспарлаған. Осыған байланысты олар Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасынан жобаның сарапшылық серіктесі болуды және «Атамекен» ӨКП мамандарын «EXPO» қатысушыларымен оқыту кездесулерін өткізу үшін ақысыз негізде тарту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Өңірлік «Атамекен» палатасының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының (КҚКО) консультанттары Наталья Кучерук пен Зарина Болат қатысушылар алдында сөз сөйледі. Атап айтқанда, Наталья Кучерук бизнес-жоспарлар әзірлеумен айналысады. Ол бейнеконференцбайланыс арқылы өткен оқыту барысында қатысушыларға КҚКО ұсынатын осы қызмет туралы айтып берді.
"Атамекен" Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жоспар әзірлеу қызметін тегін ұсынады. Қаржыландыруға мұқтаж кәсіпкерлер осы қызметті алу үшін ӨКП-ға жүгіне алады. Ол үшін қолданыстағы кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген болуы қажет (ЖК, ШҚ, ЖШС және тағы басқа кәсіпкерлік нысандарын ашу туралы хабарлама немесе талон болуы тиіс), сондай-ақ жеке куәлік пен толтырылған техникалық тапсырма ұсыну керек», – деп түсіндірді консультант.
Кәсіпкерлер палатасы мамандарының қатысуы әйелдерге теориялық білім алып қана қоймай, өз ісін ашу мен дамытуға арналған нақты мүмкіндіктерді де көруге жол ашады.