Алматыда кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері мен «Атамекен» ҰКП Съезіне дайындық талқыланды
13 қазанда Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Жиында бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, 25 қарашада Астанада өтетін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Съезіне дайындық және қала кәсіпкерлерін толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыс Мақсат Кикимовтың төрағалығымен өтті. Оған Алматы қаласы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов, Өңірлік кеңес мүшелері және Палата басшылығының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаевпен кездесу болды.

Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту және бизнестің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын нығайту мәселелеріне баса назар аударылды.
Отырыстың едәуір бөлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Съезіне дайындыққа арналды. Жиын барысында Съезд бен Съезд алдындағы жиынға Алматы қаласынан қатысатын делегаттарды сайлау мәселесі қаралды.
Сондай-ақ Алматы кәсіпкерлері Съезд қарауына ұсынуды жоспарлап отырған өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар қала кәсіпкерлерінің мүдделерін республикалық деңгейде білдірудің және бизнес қауымдастығын толғандыратын маңызды мәселелердің шешімін табудың қажеттігін атап өтті.

Отырыс пікір алмасумен және қорытынды шығарумен аяқталды.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты дамытуға, өзекті мәселелерді талқылауға және кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң болып қала береді.