Инвестициялар, тарифтер және қолдау шаралары Ақтөбе облысының Өңірлік кеңесінде талқыланды
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің Асхат Айтжановтың төрағалығымен өткен отырысында «Атамекен» ҰКП съезіне делегаттар бекітіліп, отандық инвесторларды сүйемелдеу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілердің шығындарын азайту мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қосымша қолдау шаралары мен аудандық кәсіпкерлер кеңестерінің құрамын жаңарту мәселелеріне назар аударылды.
Отандық инвесторларды сүйемелдеу жұмыстары туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Инвестициялар департаментінің директоры Ғалым Өзбеков баяндады.
Ұлттық палата «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «Бәйтерек» АҚ-мен бірлесіп, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың инвестициялық жобаларын қолдау жүйесін қалыптастыруда. Негізгі міндет – кәсіпкерлер кездесетін кедергілерді анықтап, мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен бірлесіп, оларды жоюға ықпал ету.
ҰКП орталық аппаратының өкілдері Қазақстан өңірлерінде 120-дан астам кәсіпорынмен кездесулер өткізді. Нәтижесінде бизнес өкілдерін толғандыратын мәселелер жинақталып, олардың бірқатары оң шешімін табу кезеңінде тұр.
Өңірлік кеңеске отандық инвесторлардың мәселелерін белсенді түрде анықтап, оларды одан әрі пысықтауға ұсыну міндеті қойылды. Әсіресе ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан және бірнеше ведомствоның қатысуын қажет ететін мәселелерге басымдық берілмек.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге электр энергиясына төмендетілген тариф қолдану мүмкіндігі.
Өңірлік кеңес мүшесі Кәмшат Төлеуова 2026 жылғы 23 шілдедегі № 116 бұйрықпен әлеуметтік маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Бұл өзгерістер бағаны тұрақтандыру туралы орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органмен меморандум жасалған жағдайда электр энергиясына белгіленген босату бағасынан 20%-ға дейін төмен тариф қолдануға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер палатасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тиісті өтініш жолдаған. Алайда кәсіпкерлер үшін меморандумдарды энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен жасасу процесін кім үйлестіретіні және бұл шараны қолданудың нақты тәртібі қашан бекітілетіні маңызды.
«Өңірлік кеңеске жауапты тұлғалар мен мерзімдер көрсетілген нақты жоспар ұсынуды сұраймын. Сонда көзделген қолдау шарасы өндірушілер үшін іс жүзінде қолжетімді болады», – деп атап өтті Кәмшат Төлеуова.
Талқылауға облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің, ауыл шаруашылығы басқармасының және «Энергосистема» ЖШС өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша Өңірлік кеңес Ауыл шаруашылығы басқармасына шаруа қожалықтарын қосымша қолдау шаралары жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар жолдауды ұсынды. Олардың қатарында шаруашылықтарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған жеңілдетілген кредиттеу тетігін енгізу, сондай-ақ қар қалың түсетін өңірлерде су қоймалары мен бөгеттер салуға берілетін субсидияларды қайта жандандыру немесе жеңілдетілген кредиттер ұсыну бар. Мұндай нысандар еріген қар суын жинақтап, оны мал шаруашылығында және ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруда пайдалануға мүмкіндік береді.

Отырысқа қатысушылар 25 қарашада өтетін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезіне Ақтөбе облысынан қатысатын делегаттарды бекітті. Негізгі тізімге бизнес өкілдерінің 10-ы енгізіліп, тағы алты адам резервтік тізімге қосылды.
Сонымен қатар Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау, Шалқар, Ырғыз және Мұғалжар аудандарының кәсіпкерлер кеңестерінің құрамы жаңартылды. Өз өтініштері бойынша өкілеттіктерін тоқтатқан кәсіпкерлердің орнына іскерлік қоғамдастықтың жаңа өкілдері сайланды.
Өңірлік кеңес төрағасы Асхат Айтжанов алдағы съезд кәсіпкерлердің жергілікті деңгейде шеше алмайтын және жүйелі шешімдерді қажет ететін мәселелерін республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – делегаттарды сайлап, съезге қатысумен ғана шектелмеу. Съезд басталғанға дейін бизнестің жоғары деңгейде шешуді қажет ететін нақты мәселелерін жинақтап, айқындауымыз керек. Бұл – тек өңірлік деңгейде шешу мүмкін емес, қолдау тетіктерін, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәсілдерін өзгертуді немесе жүйелі шешімдер қабылдауды талап ететін мәселелер болуы мүмкін. Біз кәсіпкерлер қауымдастығының нақты ұстанымын қалыптастырып, съезге бизнес үшін шын мәнінде маңызды мәселелерді шығаруымыз қажет», – деді Асхат Айтжанов.
Осылайша, Өңірлік кеңестің жұмысы ағымдағы мәселелерді талқылаумен ғана шектелмей, оларды кезең-кезеңімен ілгерілетуге бағытталады. Яғни кәсіпкерлердің жергілікті деңгейдегі өтініштерінен бастап, республикалық деңгейде нақты шешімдер қабылдауға дейінгі жұмыс жүйелі түрде жалғасады.