Кеден кодексіне 40-тан астам түзету: «Атамекен» бизнес ұсыныстарын талқылады
«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар таныстырылды. Талқылауға сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың 80-нен астам өкілі қатысты.
Ұсыныстарды «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашева таныстырды. Ұсыныстар топтамасы Кодекстің 30 бабына өзгерістер енгізуді көздейді және 40-тан астам тұжырымдамалық құқықтық түзетуді қамтиды.
Басты мақсат – кедендік рәсімдерді жеңілдету, бизнес үшін оларды түсінікті әрі болжамды ету, сондай-ақ артық уақыт пен әкімшілік шығындарды азайту.
Ұсыныстар кедендік рәсімдердің нақты мерзімдерін белгілеуді, кеден органдарының шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану тәртібін жетілдіруді, тауарларды кедендік тексеру мен сараптамадан өткізу тәсілдерін өзгертуді, қашықтан кедендік мониторингті дамытуды және тауарлар шығарылғаннан кейінгі бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтиды. Сонымен қатар кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, қағаз құжат айналымын қысқарту және тәуекелдерді басқару жүйесінің ашықтығын арттыру ұсынылды.
Түзетулердің бір бөлігі электрондық саудаға қатысушыларға, жедел жеткізу қызметтеріне, еркін қойма иелеріне және арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына қатысты. Сондай-ақ тауарлардың жекелеген санаттары үшін олардың жіктелуі бойынша алдын ала шешім алу міндетін енгізу ұсынылды.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бастаманы жалпы қолдап, ұсынылған өзгерістердің бизнес үшін өзекті екенін атап өтті. Сонымен бірге тауарларды алдын ала жіктеу, кедендік тексеру мерзімдері, тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану және сараптама жүргізу мәселелері бойынша қосымша ұсыныстар мен ескертулер айтылды.
Кедендік ресімдеу кезеңінде кеден органдарының шешімдеріне жедел шағымдану тәртібіне ерекше назар аударылды. Қолданыстағы жалпы тәртіп бойынша шағымдарды қарау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Ал ұсынылып отырған жаңа тетік бойынша бұл мерзімді 60 минуттан асырмау көзделеді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар қосымша ұсыныстарын әрі қарай пысықтау үшін жолдауға келісті. «Атамекен» ҚР ҰКП бизнес өкілдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, түзетулер топтамасын жетілдіріп, қайта талқылауға ұсынады.
Кеден кодексін жетілдіру жұмыстары сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен бірлесіп жалғасады.