«Атамекен» мен мемлекеттік органдар фармацевтика нарығына арналған «Keden» ақпараттық жүйесінің жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады

14.10.2026
«Атамекен» мен мемлекеттік органдар фармацевтика нарығына арналған «Keden» ақпараттық жүйесінің жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады

«Атамекен» ҚР ҰКП ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілдері, фармацевтикалық компаниялар мен салалық бірлестіктер қатысқан жұмыс бейнеконференциясын өткізді. Кездесуде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, шикізатты, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді кедендік декларациялау кезінде «Keden» ақпараттық жүйесінің жұмысы, сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1203 және № 1204 қаулыларында көзделген қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдіктерді қолдану мәселелері талқыланды.

Бизнес өкілдері нормативтік құқықтық актілердің талаптары, форматтық-логикалық бақылау баптаулары және жүйе анықтамалықтарындағы мәліметтер арасында сәйкессіздіктер бар екенін атап өтті. Кейбір жағдайларда тауарларды кедендік ресімдеу кезінде қосымша құжаттар сұратылады. Ал кәсіпкерлер нақты бір салықтық жеңілдікті қолдану үшін мұндай құжаттарды ұсыну қажеттілігіне қатысты сұрақтар туындайтынын жеткізді.

Кездесу барысында ҚҚС-тан босату немесе төмендетілген мөлшерлемені қолдану құқығын растайтын құжаттарға қойылатын талаптар қаралды. Атап айтқанда, тіркеу куәліктері, әкелуге арналған рұқсаттар, фармацевтикалық қызметке немесе өндіріске берілетін лицензиялар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі жеткізу шарттары, сондай-ақ тауарларды нысаналы пайдалану туралы міндеттемелер талқыланды.

Орфандық және әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарға да ерекше назар аударылды. Қатысушылар препараттардың санатын растау, тиісті тізбелерді қолдану және ТМККК мен МӘМС шеңберінде жеткізу шартын жасау міндетті болатын жағдайларды айқындау тәсілдерін біріздендіру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ СЭҚ ТН-ның 3004 90 000 8 коды бойынша in bulk түріндегі өнімді әкелу жағдайы қаралды. Тауар тиісті тізбеге енгізілгеніне қарамастан, жүйе жеңілдікті қолдану негізін танымаған. Өндірістің тоқтап қалуына жол бермеу үшін компания ҚҚС төлеуге мәжбүр болған. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар СЭҚ ТН-ның он таңбалы кодтары мен «Keden» ақпараттық жүйесінің анықтамалықтарындағы мәліметтердің өзектілігін тексеруге келісті.

«Біздің міндетіміз – импорттау және кедендік ресімдеу кезінде туындайтын қиындықтарды азайтып, салықтық жеңілдіктердің заң талаптарына сәйкес әрі болжамды түрде қолданылуын қамтамасыз ету», – деді кездесуді жүргізген «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашева.

Кездесу қорытындысы бойынша жұмыстың үш негізгі бағыты айқындалды. Олар: № 1203 және № 1204 қаулыларының талаптарын ескере отырып, жүйенің техникалық баптауларын жетілдіру; тауарлардың әртүрлі санаттары бойынша қажетті құжаттар тізбесі мен жеңілдіктерді қолдану шарттарына қатысты бірыңғай әдіснамалық түсіндірмелер әзірлеу; анықтамалықтар мен сыныптауыштарды өзектендіру. Бұған қоса, жүйелік бақылау алгоритмдерінің дұрыс жұмыс істеуін тексеру, мемлекеттік органдардың бейінді бөлімшелері арасында қажетті өзгерістерді келісу, шарттардың қолданылу мерзімдерін, әкелінетін тауар көлемін және оларды кейіннен өткізу тәртібін есепке алу тәсілдерін нақтылау көзделіп отыр.

«Атамекен» ҚР ҰКП «Keden» ақпараттық жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне және қосымша құжаттардың сұратылуына байланысты кәсіпкерлердің өтініштерін жинауды жалғастырады. Мұндай жағдайларды жедел қарау үшін компанияларға декларация нөмірін, СЭҚ ТН кодын, жеңілдікті қолдану негізін, сұратылған құжаттар тізбесін және кеден органының атауын көрсету ұсынылады.

Жүйеленген материалдар ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне және қажет болған жағдайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданады. Мемлекеттік органдарға «Keden» ақпараттық жүйесі алгоритмдерінің қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін тексеру, анықтамалықтардағы даулы тұстарды пысықтау және жеңілдіктерді қолдану үшін қажетті құжаттарға қатысты бірыңғай түсіндірмелер әзірлеу ұсынылды.

Фармацевтикалық өнімдерді кедендік ресімдеуді жетілдіру жұмыстары «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында бизнес, мемлекеттік органдар және ақпараттық жүйені әзірлеушілердің қатысуымен жалғасады.

«Keden» ақпараттық жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне қатысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштері «Атамекен» ҚР ҰКП атына «е-Otinish» жүйесі арқылы қабылданады.