Елордалық IT-компаниялар қалалық жобаларға отандық әзірлемелерін ұсынбақ

14.10.2026
Елордалық IT-компаниялар қалалық жобаларға отандық әзірлемелерін ұсынбақ

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Ақпараттық технологиялар» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында цифрлық сервистерді дамыту, IT-бизнес өкілдерін толғандыратын мәселелер және отандық IT-компаниялардың қалалық жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Ұлттық статистика бюросының, елорда басқармаларының, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, «Astana Innovations» және IT-компаниялардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде дербес деректерді өңдеу және қорғау талаптары да қаралды. Министрлік өкілдері кәсіпкерлерге клиенттердің дербес деректерін өңдеу мен қорғауға қатысты заңнама талаптарын түсіндіріп, цифрлық сервистерді пайдалану кезінде ескерілуі тиіс негізгі мәселелерге тоқталды.

Изображение

IT-бизнес өкілдері мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректердің қайталануы мәселесін көтерді. Кәсіпкерлердің айтуынша, түрлі мемлекеттік қызметтерді алу кезінде мемлекеттік ресурстарда бұрыннан бар ақпарат пен құжаттарды қайта ұсынуға тура келеді. Осыған байланысты бизнес пен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды жетілдіру қажеттігі айтылды.

Изображение

Жиында отандық IT-компаниялардың GovTech жобаларына қатысуына да назар аударылды. Бүгінде Астанада Smart City, жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және автоматтандыру бағыттарында жұмыс істейтін компаниялар бар.

Кәсіпкерлер өз әзірлемелерін мемлекеттік органдарға таныстырып, нақты қалалық міндеттерді шешуге бағытталған жобаларды сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін тұрақты алаң құруды ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен бірлесіп, Кәсіпкерлер палатасының алаңында ай сайын Demo Day өткізу туралы келісім жасалды.

Изображение

Demo Day аясында IT-компаниялар дайын отандық әзірлемелерін мемлекеттік органдарға ұсынып, оларды нақты міндеттерде қолдану мүмкіндіктерін талқылайды. Сонымен қатар перспективалы шешімдерді пилоттық режимде іске қосу мәселелері қаралады.

Жаңа алаң IT-компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, отандық технологиялық шешімдерді қаланың өзекті мәселелерін шешуге тартуға мүмкіндік береді.