СҚО-да Ұлттық палата съезіне делегаттар сайланды

14.10.2026
СҚО-да Ұлттық палата съезіне делегаттар сайланды

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі 25 қарашада өтетін «Атамекен» ҰКП-ның XIV съезіне 11 делегатты сайлады.

Жиынды ашқан СҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев ҰКП Президиумы ҚР НПП жыл сайынғы съезін шақыру туралы шешім қабылдағанын, ол 25 қарашада Астанада өтетінін хабарлады.

«ҰКП съезі – республикалық деңгейде өзекті мәселелер көтеріліп, бүкіл бизнес қауымдастығының жұмыс жағдайына тікелей әсер ететін шешімдер қабылданатын маңызды диалог алаңы. Сондықтан бүгін алдымызда съезде өңіріміздің намысын қорғайтын делегаттарды сайлау сияқты өте жауапты міндет тұр», - деді Сергей Домаев.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин де алдағы съездің маңыздылығына және делегат болып сайланған әрбір кәсіпкердің рөліне баса назар аударды.

«Жыл сайын «Атамекен» ҰКП съезі ел бойынша бизнеске арналған экономикалық саясаттың бағытын айқындайды. Делегаттарымыз тек тыңдаушы болып қана қоймай, бұл процестің белсенді қатысушысы болуы маңызды. Делегаттарды сайлай отырып, біз оларға өңірлік бизнестің шынайы түйткілдерін көтеріп қана қоймай, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсыну құқығын сеніп тапсырамыз. Делегацияның заңдылығы, дайындық сапасы және съезде палата мүддесін қорғау деңгейі кеңестің әрбір мүшесінің белсенділігіне байланысты», - деп түйіндеді Есжан Оразалин.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Өңірлік кеңестің 24 мүшесінің ішінен 11 негізгі делегат және резервке 3 кандидат сайланды.

Саудадағы түйткілдер мен «көзсіз» құрылыс жайында

Сонымен қатар өңірлік кеңес отырысында экономиканың екі секторы – сауда мен құрылыстағы қордаланған мәселелер талқыланды. Палатаның салалық кеңестерінің басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Сауда кеңесінің төрағасы Алексей Писаренко шағын және орта бизнеске түсетін салмақтың артып келе жатқанына назар аудартты. Сауда нүктелері үшін басты кедергінің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесін 19-дан 31 атауға дейін кеңейту және 15 пайыздық сауда үстемеақысының сақталуын қатаң бақылау болып отыр.

Спикердің айтуынша, бағаны реттеу механизмі тез бұзылатын өнімдермен жұмыс істеу ерекшелігін ескермейді.

«Астық өнімдеріне 15% үстемеақыны әрең дегенде сақтауға болса, көкөністер мен жемістерге мұндай шектеу қою мүмкін емес. Бұл тауарлардың барлығы дерлік оңтүстіктен тасымалдаушылар тізбегі арқылы жеткізіледі, ал біз көкөніс пен жеміс сатып алатын көтерме базарларда толыққанды құжаттар берілмейді. Бұл орайда табиғи кемуді, өнімнің бұзылуы мен шіруін ешкім есепке алмайды. Шағын сауда нүктелері оңтайландырылған режимде жұмыс істейді және түскен табыстың 3%-ын салық ретінде төлейді, бірақ іс жүзінде бұл салық таза пайданың 40%-ына дейін жеп қояды. Оған 1,5% банк комиссиясын, 1% қолма-қол ақшаға айналдыру төлемін, 4% сатушының жалақысын қосыңыз – нәтижесінде түсімнің 10%-ға жуығы міндетті төлемдерге кетеді. Соңында қалатын ақшаны пайда деп айту қиын – үй жанындағы дүкендер шығынға батып жұмыс істеп тұр», - деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасы Сауда кеңесінің төрағасы Алексей Писаренко.

Сондай-ақ «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен (ӘКК) ынтымақтастық мәселесі тағы да сынға ұшырады. Кәсіпкерлердің айтуынша, тұрақтандыру қоры бөлшек сауда желілерін ӘМАТ-тың бүкіл ассортиментін бірден сатып алуға мәжбүрлейді, сұранысқа ие тауарларды бөлек жеткізуден бас тартады және сапасыз өнімді кері қабылдамайды.

Алексей Писаренко цифрландыру төңірегіндегі қиындықтарға да жеке тоқталды: тауарларды таңбалауды енгізу және Тауарлардың ұлттық каталогымен интеграциялау автоматизацияны талап етеді. Ал бұл бухгалтер мен IT-маманының шығындарын есептемегенде, шағын дүкеннің өзіне кемінде 1,5 миллион теңгеге түседі.

Сауда саласының өкілдері ӘКК арқылы ӘМАТ сатып алу икемді болса екен дейді: оларға тек қажетті тауарларды алуға және жарамсыз өнімді кері қайтаруға мүмкіндік берілуі тиіс. Сонымен қатар үй жанындағы дүкен өкілдері бөлшек сауда үшін авто-есептен шығару қолданылатын темекі өнімдеріне ұқсас таңбаланған өнімдерді есептен шығару процедурасын жеңілдетуді ұсынады.

Құрылыс саласында да жағдай мәз емес. Салалық құрылыс кеңесінің төрағасы Андрей Капустин өңірде айқын қала құрылысы жоспарының жоқтығын мәлімдеді.

«Бизнес көзсіз жұмыс істеп, үнемі қаржылай тәуекелге бас тігеді. Құрылыс салушы қаланың 3-5 жылдан кейін қай бағытта дамитынын түсінбейді. Құрылысқа жер телімдері формальды түрде беріледі: әкімдік тозығы жеткен және апатты жағдайдағы тұрғын үйлері бар телімдерді бөледі де, сүруге қатысты барлық құқықтық, қаржылық және әлеуметтік түйткілдерді салушының мойнына артып қояды. Меншік иелерінен жылжымайтын мүлікті сатып алу жылдарға созылады, жоба басталмай жатып қаражат айналымнан шығып қалады, салдарынан кассалық алшақтықтар туындайды», - деп баса айтты Андрей Капустин.

Тағы бір жүйелі кедергі – инженерлік желілерді тартудың кешігуі. Өңірде тұрғын үйлер толық салынып біткенімен, коммуникациялардың жоқтығынан пайдалануға беріле алмайтын парадоксалды жағдай қалыптасқан. Бұл компаниялар үшін орасан зор шығын әкеледі.

Бұл ретте билік пен бизнес арасындағы диалог жүйелі процесс ретінде мүлдем жоқ. Қала құрылысы кеңесінің жаңартылған құрамы осы жылдың көктемінде бекітілгеніне қарамастан, содан бері бірде-бір отырыс өткізілмеген. Құрылысшылардың айтуынша, нүктелік құрылыс, сәулеттік келбет және техникалық шарттар бойынша барлық түйінді шешімдер жабық есік жағдайында қабылданады.

Осыған байланысты солтүстікқазақстандық бизнес қала құрылысы кеңесінің жұмысын жандандырып, оны ағымдағы мәселелер мен жаңа жобаларды талқылайтын алаңға айналдыру бастамасын көтеріп отыр. Кеңес құрамы біліктілік талаптарына сай болып, бизнес пен қоғамның мүддесін ескеруі маңызды.

Көтерілген мәселелерге үн қосқан Өңірлік кеңес төрағасы Сергей Домаев шешімді кейінге қалдырмай, «Солтүстік» ӘКК басшылығымен және сауда желілері өкілдерімен бөлек жұмыс кеңестерін, сондай-ақ құрылыс саласы өкілдерінің СҚО әкімінің салаға жауапты орынбасарымен кездесуін ұйымдастыруды ұсынды.