Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлерге грант алу және субсидияланатын жұмыс орындарын ашу тәртібі түсіндіріл
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитеттің отырысы өтті. Жиында мемлекеттік қолдау шаралары, субсидияланатын жұмыс орындарын ашу тәртібі және 5 млн теңгеге дейінгі грант алуға арналған бизнес-жоспарды әзірлеу мәселелері талқыланды.
Отырысқа Қарағанды қаласының Мансап орталығы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Қарағанды қаласы Мансап орталығы бөлімінің басшысы, «Қарағанды облысының еңбек мобильділігі орталығы» КММ өкілі Түрсынтай Баян Жарқынқызы субсидияланатын жұмыс орындарын ұсыну тәртібін түсіндірді. Ол жұмыс берушілерге қойылатын негізгі талаптар, бағдарламаларға қатысу шарттары және Enbek.kz электрондық платформасы арқылы өтінім беру тәртібі туралы баяндады. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеу кезеңдері мен өтінім беру мерзімдеріне назар аударды.
Кездесу барысында гранттық бағдарламаларға қатысу үшін бизнес-жоспар әзірлеу мәселесі де қаралды. Кәсіпкерлер палатасының маркетологі Жанар Арсланқызы 5 млн теңгеге дейінгі грант алуға арналған бизнес-жоспарды дайындау үшін әлеуметтік кәсіпкерлер қандай мәліметтер ұсынуы керектігін түсіндірді. Атап айтқанда, бизнес-идеяны нақты сипаттау, жоспарланған шығындарды көрсету және жобаны іске асырудан күтілетін нәтижелерді негіздеу қажеттігі айтылды.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Арай Қасымханованың айтуынша, кәсіпкерлерге қолжетімді мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпарат беру олардың тиісті бағдарламаларға дайындалуына және ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына ықпал етеді.
Жиын барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, мемлекеттік қолдау шараларының шарттары бойынша түсініктеме алды.
Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру ұсынылды.