Павлодар кәсіпкерлеріне «Business GO» жобасының құралдары қолжетімді
Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеп, енгізіп жатқан еліміздегі бизнесті цифрландырудың бірыңғай экожүйесі – «Business GO» жобасы Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысында таныстырылды.

«Бүгінде шағын және орта бизнес түрлі мәселелерге тап болып отыр. Кәсіпкерлер күнделікті операциялық міндеттерді орындау үшін әртүрлі жеткізушілердің сервистерін қосуға мәжбүр. Мұндай қосымшалардың жеке кабинеттері мен интерфейстері бір-бірінен ерекшеленеді және олармен жұмыс істеу әртүрлі тәсілдерді талап етеді. Цифрлық қосымшалардың әрқайсысының төлем жүйесі мен тарифтері де әртүрлі, әрі олардың өзі де күрделі. Барлық жүйелерді өзара біріктіру қиын, бірыңғай техникалық қолдау қызметі жоқ, сондай-ақ оларды іске қосу мен қызмет көрсету кезінде де қиындықтар туындайды. Сондықтан шағын және орта бизнеске барлық негізгі құралдары өзара үйлесімді жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық кабинет қажет», – дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.
Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстандағы бизнесті цифрландырудың бірыңғай экожүйесі – «Business GO» жобасын әзірлеп, оны кезең-кезеңімен енгізуде. Жоба он түрлі қосымшаны қамтиды. Олардың қатарында салық төлеушінің паспорты, бизнеске арналған жасанды интеллект сервистері, сатып алынған тауарлар бойынша қосылған құн салығын қайтаруға арналған «Tax Free» сервисі, сондай-ақ Қазақстандағы бөлшек сауда саласына арналған, алкоголь өнімдерінің акциздік жапсырмаларындағы ақпаратты оқып, олардың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін «GreenScan» жүйесі бар.

«Business GO» платформасын пайдалану арқылы кәсіпкерлерге енді әртүрлі жеткізушілердің бірнеше жүйесін қатар қосып, күрделі интеграцияларды баптаудың, жекелеген сервистер үшін артық төлем жасаудың, әртүрлі техникалық қолдау қызметтеріне жүгінудің және бірнеше жеке кабинетте жұмыс істеудің қажеті жоқ.
Кәсіпкерлерді платформамен біртіндеп таныстыру жұмыстары жүргізілуде. Оның құрамына онлайн-касса, фискалдық деректер операторының (ФДО) жүйесі, тауарлық есеп жүйесі, маркетинг құралдары және қосымша сервистер енгізілген. Яғни, бизнесті жүргізуге қажетті негізгі құралдардың барлығы бір платформаға біріктірілген. Кездесу барысында Өңірлік кеңестің мүшелері мен кәсіпкерлер «Business GO» платформасын пайдалану жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Сұрақтар қоюға, оның ішінде бейнеконференция байланысы арқылы қатысқан кәсіпкерлерге де мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар қараша айында өтетін ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезіне дайындық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Өңірлік кеңес мүшелерінің арасынан делегация құрамын жасақтау, сондай-ақ Астана қаласында өтетін съезде көтеру қажет бизнес саласындағы өзекті мәселелер қарастырылды.
