Құрылыс актілері бақылауда: Қарағанды облысындағы мердігерлер үшін не өзгерді
Қарағанды облысында камералдық бақылаудың жаңа тәртібі құрылыс бизнесі өкілдерінің Мемлекеттік ішкі аудит департаментімен кездесуінде талқыланды. Кәсіпкерлер орындалған жұмыстарды растау үшін қандай құжаттар ұсыну керектігін және анықталған бұзушылықтарды қалай жоюға болатынын қарастырды.
Кездесу Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында өтті. Талқылауға мердігер ұйымдардың өкілдері және Құрылыс және құрылыс индустриясы салалық кеңесінің мүшелері қатысты.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс-монтаж жұмыстарының, оның ішінде күрделі жөндеу жұмыстарының орындалғаны туралы актілер камералдық бақылауға алынады. Тексеру кезінде ақпараттық жүйелердегі мәліметтер, электрондық шот-фактуралар және материалдар, жабдықтар мен өзге де қажетті ресурстардың сатып алынғанын растайтын құжаттар салыстырылады.
Жаңа талаптарды қолдану тәртібін Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Данияр Нұрмұханов түсіндірді.
Департаменттің мәліметінше, өңірде құрылыс саласындағы орындалған жұмыстар бойынша жалпы сомасы 9,9 млрд теңгені құрайтын 115 электрондық акт қаралған. 32 акт бойынша жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталып, тапсырыс берушілерге оларды жою туралы хабарламалар жолданған.
«Камералдық бақылаудың мақсаты — бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеу. Біз әртүрлі ақпарат көздеріндегі мәліметтерді, соның ішінде электрондық шот-фактуралар туралы ақпаратты салыстырамыз. Егер материалдардың сатып алынғаны расталмаса, мердігер тауарлардың шығу тегін және шарттың орындалғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынуы қажет», — деп түсіндірді Данияр Нұрмұханов.
Құрылыс компанияларын толғандырған мәселелердің бірі — пайдаланылған материалдар немесе жабдықтар туралы мәліметтер қолда бар деректермен расталмаған жағдайда не істеу керектігі.
Департамент өкілінің түсіндіруінше, заңнамада бұзушылықтарды жоюдың бірнеше тәсілі көзделген. Жағдайға қарай расталмаған позицияларды алып тастап, орындалған жұмыстар актісін кері қайтарып алу, қосымша электрондық шот-фактураны, түзетілген жобалық-сметалық құжаттаманы немесе өзге де растаушы құжаттарды ұсыну қажет болуы мүмкін.
Жұмыстардың бір бөлігін қосалқы мердігер орындаған жағдайлар да жеке қаралды. Мұндай кезде қосалқы мердігерлік шарт және оған қатысты құжаттар тиісті жұмыстардың орындаушыға берілгенін растауы мүмкін.
«Егер материалдар бұрын сатып алынып, тексеру кезінде бұл сатып алу расталмаса, қолда бар растаушы құжаттарды ұсыну қажет. Мәліметтер тауарлардың шығу тегін анықтауға және шарттық міндеттемелердің орындалғанын растауға мүмкіндік беруі маңызды», — деді Данияр Нұрмұханов.
Кәсіпкерлер жобада көзделген материалдар мен жабдықтарды баламалы нұсқаларға ауыстыру мәселесін де көтерді. Олардың айтуынша, құрылыс барысында жобалық шешімдерді түзету қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай өзгерістердің қайсысын келісу керектігін және оларды қандай құжаттармен рәсімдеу қажеттігін түсіну маңызды.
Департамент өкілі жабдықтардың жобалық сипаттамаларға сәйкестігі мен жекелеген ауыстырулардың заңдылығына қатысты мәселелер басқа уәкілетті органдардың құзыретіне жатуы мүмкін екенін түсіндірді. Мұндай жағдайларда тиісті органдарға жүгіну қажет.
Кездесуге қатысушылар камералдық бақылау мерзіміне де қызығушылық танытты. Данияр Нұрмұхановтың түсіндіруінше, рәсім бес жұмыс күніне дейін созылады. Кездесу кезінде камералдық бақылаудың жүргізілуі өздігінен нақты орындалған жұмыстар үшін төлемді тоқтатуға негіз болмайтыны айтылды.
Кездесу барысында тараптар жаңа талаптарды қолдануға қатысты практикалық мәселелерді талқылап, қосымша түсіндіруді қажет ететін жайттарды белгіледі. Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің қызметіне әсер ететін мәселелер бойынша бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалог алаңы ретінде жұмысын жалғастырады.