Өндірушіден сауда сөресіне дейін: ШҚО бизнесі тұрақтандыру қорымен ынтымақтастық шарттарын талқылады
Жергілікті өндірушілер тұрақтандыру қорына қалай қатыса алады? Өнім қандай шарттармен сатып алынады және мұндай ынтымақтастық кәсіпорындар үшін қаншалықты тиімді? Осы мәселелер Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі кеңесінің отырысында басты тақырыпқа айналды.
Палата алаңында сүт, май-тоңмай және ұн тарту салаларының өкілдері, жарма, жұмыртқа және басқа да азық-түлік өнімдерін өндірушілер бас қосты. Талқылауға «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері де қатысып, халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету барысында отандық тауар өндірушілермен өзара іс-қимыл жасаудың қолданыстағы тетіктерін түсіндірді.
Кәсіпкерлерді ең алдымен ынтымақтастықтың нақты шарттары қызықтырды. Атап айтқанда, сатып алу бағалары, жеткізілім көлемі, қаржыландыру тәртібі, қатысушыларға қойылатын талаптар және өнімді өткізу кепілдіктері талқыланды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев атап өткендей, жергілікті өндірушілердің тұрақтандыру қорын қалыптастыруға қатысуы екі тарап үшін де тиімді болуы тиіс.
«Өңірде халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге дайын кәсіпорындар бар. Алайда бизнес тауардың қандай бағамен сатып алынатынын, қанша көлемде өнім жеткізу қажеттігін, қаржыландыру шарттары мен есеп айырысу мерзімдерін нақты білуі керек», – деп атап өтті Қайрат Мамырбаев.
«Ертіс» ӘКК өкілдері тұрақтандыру қорын қалыптастырудың негізгі тетіктері туралы айтып берді. Олардың қатарында жеткізу шарттары, форвардтық сатып алу және айналым қаражатын қаржыландыру схемасы бар.
Атап айтқанда, айналым схемасы кепілдік қамтамасыз ету болған жағдайда жылдық 0,01% мөлшерлемемен қаржыландыруды көздейді. Ал форвардтық сатып алу тетігі өндірушілерге өнім жеткізілгенге дейін қаражаттың бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Түпкілікті есеп айырысу міндеттемелер орындалғаннан кейін жүргізіледі.
Сонымен қатар жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ынтымақтастық туралы шарттар мен меморандумдар негізінде сауда желілеріне тікелей жеткізу мүмкіндіктері жеке талқыланды.
Бұл ретте өндірушілер үшін тұрақтандыру қорына қатысу мүмкіндігі ғана емес, оның экономикалық тұрғыдан тиімді болуы да маңызды. Өнімнің өзіндік құнын, логистика мен сақтау шығындарын, жеткізілім көлемі мен мерзімділігін, сондай-ақ ұсынылатын сатып алу бағаларын ескеру қажет.
Кәсіпкерлер «Ертіс» ӘКК-мен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Алайда түпкілікті шешім қабылдау үшін барлық шарттарды егжей-тегжейлі есептеп шығу қажеттігін атап өтті. Әрбір кәсіпорын үшін ұсынылған талаптарды өзінің өндірістік мүмкіндіктері мен шығындарымен салыстырып, экономикалық тиімділігін бағалау маңызды.