Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы журналистік материалдар байқауы жарияланды

15.10.2026
Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы журналистік материалдар байқауы жарияланды

Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы журналистік материалдар байқауы басталды. Байқаудың бастамашысы - Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі. Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қолдауымен Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы.

2022 жылы өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы журналистік материалдар байқауы өткізілген болатын. Биыл Өңірлік кеңес осы жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Байқауға бұқаралық ақпарат құралдарының кәмелетке толған журналистері, тәуелсіз авторлар мен блогерлер қатыса алады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған журналистік зерттеулер, баспа және интернет-басылымдардағы жарияланымдар, теле- және радиоматериалдар, сұхбаттар, бейнематериалдар мен жарияланымдар циклдері қабылданады.

Байқау ережесі

Материалдар Қарағанды облысындағы сыбайлас жемқорлық мәселелеріне арналуы және 2026 жылғы 1 қаңтар мен 29 қараша аралығында қазақ немесе орыс тілдерінде жарияланған не эфирге шыққан болуы тиіс.

Жұмыстар жеке немесе бірлескен авторлықпен ұсынылады. Бір қатысушыдан бес материалдан артық қабылданбайды. Бұған дейін басқа байқауда жеңімпаз атанған материалдар қатысуға жіберілмейді.

Өтінімдер 2026 жылғы 29 қараша сағат 18:00-ге дейін karaganda@atameken.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады. Хат тақырыбында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы журналистік материалдар байқауы - 2026» деп көрсету қажет. Өтінімге қатысу формасы және конкурс материалы немесе оның жарияланған жеріне сілтеме қоса берілуі тиіс.

Изображение

Байқау комиссиясы жұмыстарды алты өлшемшарт бойынша бағалайды. Олардың қатарында тақырыптың өзектілігі мен қоғамдық маңыздылығы, ұсынылған мәліметтердің анықтығы мен негізділігі, авторлық көзқарастың дербестігі, материалды баяндаудың сапасы және оның қоғамдық әсері бар.

Байқаудың жалпы жүлде қоры - 3 миллион теңге. Бірінші орынға - 1,5 миллион теңге, екінші орынға - 900 мың теңге, үшінші орынға - 600 мың теңге беріледі.

Байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар 9 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай марапатталады.

Конкурс туралы толық ақпаратты және өтінім нысанын Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының ақпараттық алаңдарынан алуға болады. Қосымша ақпарат алу үшін байланыс телефоны: 8 778 078 22 02 – ӨКП баспасөз қызметі.