Жергілікті өнімнен үлкен нарыққа: «Атамекен» Алматы кәсіпкерлерінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады
Шағын өндіруші өз идеясын сұранысқа ие өнімге қалай айналдырып, тұтынушысын қалай таба алады? 15 қазанда Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде осы мәселе басты назарға алынды. Қатысушылар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті өнімдерді туристік инфрақұрылым мен қалалық іс-шаралар арқылы ілгерілету мүмкіндіктерін талқылады.
«Атамекен» өндірушілерді, бизнес пен мемлекеттік органдарды біріктіреді
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов, директордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жанна Мурзакулова және шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ибрагимова қатысты.
«Бүгін біз жергілікті өндірушілердің өнімдерін туристік инфрақұрылым мен қалалық іс-шаралар арқылы ілгерілетудің нақты тетіктерін талқылау үшін жиналдық. Бұл кездесу нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірленіп, осы бағыттағы алдағы қадамдар айқындалады деп сенемін», – деді дөңгелек үстелді ашқан Шыңғысхан Маманов.

Кездесуге қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар, туризм және мәдениет басқармаларының, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, «Даму» қорының, салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлік қоғамдастықтың өкілдері шақырылды.

Қатысушылар қатарында Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының шағын және орта бизнес бөлімінің басшысы Мадина Елипбай, Алматы қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының туризм жөніндегі салалық кеңесінің төрағасы Еркін Тікенов, сондай-ақ қонақүй, мейрамхана және туризм салаларының өкілдері болды.
Әртүрлі сала өкілдерінің қатысуы жергілікті өнімдерді ілгерілету мәселесін өндірушілердің ғана емес, әлеуетті сатып алушылар мен серіктестердің де тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында жобаның финалистері өз өнімдерін таныстырды. Қатысушылар ынтымақтастықтың ықтимал жолдарын, өткізу арналарын кеңейтуді және алматылық брендтердің танымалдығын арттыру мәселелерін талқылады.
Идеядан жеке брендке дейін
«Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) бірлесуімен жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, өз брендтерін дамытуға және жаңа өткізу нарықтарын табуға көмектесу.
Бұл жоба Алматы үшін ерекше өзекті. Қалада шағын кәсіпкерлік дамып, жергілікті шеберлердің бұйымдарына, табиғи азық-түлік пен ұлттық нақыштағы тауарларға қызығушылық артып келеді. Алайда сапалы өнімнің өзі әрдайым сатып алушыға жол таба бермейді.
Шағын өндіруші үшін жақсы тауар шығару жеткіліксіз. Оның қаптамасын ойластыру, мақсатты тұтынушылар тобын анықтау, өнімді нарықта ілгерілету және сенімді өткізу арналарын табу қажет. Дәл осы кезеңдерде кәсіби қолдау мен іскерлік байланыстардың маңызы зор.
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы БАБӨ жобасын келешегі бар бизнес-идеялар байқауы ғана емес, шағын кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралы ретінде қарастырады. Жыл сайынғы іріктеу жергілікті өндірістердің әлеуетін анықтауға, ал түрлі сала өкілдерімен байланыс орнату олардың өнімдерін нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаның 2023–2026 жылдардағы финалистері арасында ұлттық нақыштағы тоқыма бұйымдарын, кәдесыйларды, киіз бен табиғи былғарыдан жасалған заттарды, үстел ойындарын, музыкалық аспаптарды, бал, ірімшік, кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар өндірушілер бар.

Дөңгелек үстелде өз ісін дамытып жүрген кәсіпкерлер өнімдері мен оларды нарықта ілгерілету мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Бақтжан Жұмалиева ағаштан үстел ойындарын жасайды. Ол үшін бұл кәсіп табыс көзі ғана емес, балалар мен ересектерді жақындастыратын өнім шығару мүмкіндігі.
«Біз жай ғана үстел ойындарын жасап қоймаймыз, балалар мен ересектердің бірге көбірек уақыт өткізуіне мүмкіндік сыйлаймыз. Ойындарымыздың Алматыда ғана емес, одан тыс жерлерде де танылғанын қалаймыз».
Шухрат Турсунов пен Гүлмира Махпирходжаева кептірілген алмадан жасалған өнімдерді ұсынды. Кәсіпкерлер өздерінің өңделген және консервіленген жеміс өнімдерінің түрлерін көпшілік назарына ұсынды. Олар жергілікті шикізатты өңдеуде және сату нарықтарын кеңейтуде үлкен әлеует бар деп санайды.

«Қазақстан алмасы қазірдің өзінде танымал брендке айналды. Біздің мақсатымыз – одан жыл бойы сұранысқа ие болатын, Қазақстанда ғана емес, шетелде де өз сатып алушысын табатын өнім шығару».
Ал сары майды ерітіп, гхи майын өндіретін «Вкус благости» брендінің негізін қалаушы Альбина Телюк өз кәсібінің дамуын жаңа өткізу арналарының ашылуымен байланыстырады.
«Өз өндірісіңді бастау – істің жартысы ғана. Ең қиыны – сатып алушыңды тауып, оның сеніміне ие болу. Біз үшін „Бір ауыл – бір өнім“ жобасының өнімімізді ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашатыны маңызды».
Бұл мысалдар кәсіпкерлік бастамалардың қаншалықты алуан түрлі болатынын көрсетеді. Дегенмен өндіріс бағыты қандай болса да, кәсіпкерлердің алдында ортақ міндеттер тұр: өнімнің танымалдығын арттыру, сатып алушылар табу және бизнесті дамыту.
Туризм – жергілікті өндірушілер үшін жаңа нарық
Дөңгелек үстелде талқыланған негізгі мәселелердің бірі – жергілікті өнімдерді туристік инфрақұрылым мен қалалық іс-шаралар арқылы ілгерілету. Алматы кәсіпкерлері үшін қонақүйлер, мейрамханалар, кәдесый дүкендері, туристік нысандар мен фестивальдер тауарларын кеңірек аудиторияға таныстыратын жаңа өткізу арналарына айналуы мүмкін.
Мұндай ынтымақтастық екі тарапқа да тиімді. Өндірушілер тауарларын сатудың қосымша мүмкіндіктеріне ие болса, туризм саласы өңірдің мәдениеті мен ерекшелігін танытатын бірегей жергілікті өнімдермен толығады.
Алайда бұл нарықтарға шығу үшін кәсіпкерлер әлеуетті серіктестердің өнім сапасына, қаптамасына, жеткізу көлеміне және ілеспе құжаттарға қоятын талаптарын ескеруі қажет. Сондықтан өндірушілердің бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерімен тікелей байланыс орнатуы ерекше маңызды.
Жоба шағын бизнес үшін неліктен маңызды?
«Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы жергілікті ресурстарды пайдаланып, шағын өндірістен өз ісін бастаған кәсіпкерлерге де бағытталған. Жобаға қатысу үшін ірі кәсіпорын иесі болу міндетті емес. Оған шағын және орта бизнес субъектілері, сондай-ақ жергілікті шикізаттан өнім өндіруге ниетті азаматтар қатыса алады.
БАБӨ жобасы көбіне ірі инвесторлардың назарынан тыс қалатын бағыттарды дамытуға көмектеседі. Олардың қатарында қолөнер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ұлттық бұйымдар мен авторлық тауарлар өндіру бар.
Мұндай кәсіпорындар бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, дәстүрлі қолөнерді сақтауға, жергілікті брендтерді қалыптастыруға және қазақстандық өнімдердің түрлерін көбейтуге ықпал етеді.
Бұл ретте табыстың басты көрсеткіші – жобаға қатысудың өзі емес, шағын өндірісті тұрақты сатып алушылары бар орнықты бизнеске айналдыру мүмкіндігі.
Қолдаудан нақты мүмкіндіктерге
Дөңгелек үстел бағдарламасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 2026 жылғы финалистеріне сертификаттар табыстау да қарастырылды.
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы БАБӨ қатысушыларына іскерлік серіктестер табуға және жаңа өткізу нарықтарына шығуға көмектеседі. Өйткені сапалы өнім қажетті қолдауға ие болып, өз тұтынушысын тапса, шағын отбасылық кәсіп те, шағын шеберхана да табысты өндіріске айнала алады.
Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жергілікті өндірістерді дамыту және шағын бизнеске жаңа мүмкіндіктер жасау бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Қазақстандық тауарлар өз сатып алушысын неғұрлым көп тапса, отандық кәсіпкерліктің іргетасы соғұрлым нығая түседі.