Сәуірден бері субсидиясыз: Палата Сарысу ауданының тасымалдаушыларына төлем алуға қол жеткізді

15.10.2026
Сәуірден бері субсидиясыз: Палата Сарысу ауданының тасымалдаушыларына төлем алуға қол жеткізді

Сарысу ауданындағы әлеуметтік маңызы бар аудан ішілік бағыттардағы он тасымалдаушының шотына 62 263 835 теңге аударылды. Қаражат Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің бірлескен көшпелі отырысының қорытындысы бойынша түсті.

Мәселенің басты себебі аудандағы алты тасымалдаушының ұжымдық өтініші болды. 2026 жылдың сәуір айынан бастап субсидия төлемдері тоқтап, сомасы да қысқарған. Конкурсқа қатысар алдында автопаркін жаңартқан кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болды: несиені өтеу, жалақы мен салық төлеу қиындады, жанар-жағармай мен бөлшектер бойынша қарыздар пайда болды.

Заңнамаға сәйкес аудан ішілік бағыттарға субсидия беру қарастырылған. 2026 жылғы 2 ақпандағы тарифтік комиссия хаттамасымен он бағыт бойынша 185 921 832 теңге сома айқындалған. Төлемдер шарт негізінде ай сайын, субсидия тағайындалғаны туралы хабарламадан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Алайда облыстық жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері тек 45 993 000 теңге төленген, ал тасымалдаушылар алдында бірнеше айлық берешек жиналған.

Палата тиісті мекемелерге сауал жолдап, өтініш берушілермен онлайн кездесу өткізіп, мәселені Кеңестің көшпелі отырысына шығарды. Нәтижесінде берешектің едәуір бөлігі өтелді.

«Тасымалдаушы кәсіпкер үшін субсидия - қосымша табыс емес, автобустарды ұстап, жалақы төлеп, несиені өтеуге мүмкіндік беретін шарт. Бірлескен жұмыс нәтиже бергеніне қуаныштымыз, алайда мәселе әлі толық шешілген жоқ», — деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының Сарысу ауданы бойынша филиалының директоры Шыңғыс Абдрахманов.

Дегенмен жұмыс аяқталған жоқ: аудан әкімдігінің тасымалдаушылар алдында қыркүйек пен қазан айлары бойынша берешегі сақталып отыр.

«Біз жағдайды бақылауда ұстап, аудан әкімдігімен де, кәсіпкерлермен де байланыста болып отырмыз. Біздің мақсатымыз - төлемдер тұрақты болып, жыл ішіндегі бюджетті нақтылауға тәуелді болмауы», - деп түйіндеді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ерғебаев.

Осындай мәселеге тап болған кәсіпкерлер Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады.