МЭКС қазақстандық өнімге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуі тиіс

15.10.2026
МЭКС қазақстандық өнімге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуі тиіс

Электр энергетикасы және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен кеңейтудің ұлттық жобасы (МЭКС) инфрақұрылымды жаңғырту құралы ғана емес, қазақстандық өндірісті дамытудың да қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Ол үшін қазақстандық тауар өндірушілерге (ҚТӨ) кедергі келтіретін тосқауылдарды жойып, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын және олардың өнімдерін қолдануды бақылауды қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселелер Астанада өткен Power Trends: МЭКС ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту. Қазақстандық бизнеске арналған мүмкіндіктер конференциясында талқыланды.

Қазақстандық өндірушілердің ұстанымын «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқар таныстырды.

«МЭКС қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыру тетігіне айналуы тиіс. Ол үшін жобалау кезінде отандық өнімдерді ескеріп, оларды нысандарда нақты қолдануды және жеткізілген өнім үшін төлемнің уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті Алмат Асқар.

Изображение

Осыған байланысты тапсырыс берушілер мен жобалаушыларға жобаларды дайындау кезеңінде қазақстандық баламалардың бар-жоғын талдау міндетін жүктеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда құрылыс ресурстарына арналған сметалық бағалар жинақтарын өзектендіру ұсынылады.

Сонымен қатар ҚТӨ өнімдерінің сапасын бақылауды және олардың қозғалысын сатып алудан бастап нысанда нақты қолдануға дейінгі барлық кезеңде қадағалауды қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте қазақстандық өнімдерді импорттық тауарлармен негізсіз алмастыру жағдайларын анықтау қажет.

«Бақылаумен қатар, техникалық тұрғыдан қолдану мүмкіндігі болған жағдайда ҚТӨ тауарларын негізсіз пайдаланбағаны үшін жауапкершілік көзделуі тиіс. Осы мәселені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу аясында пысықтау ұсынылады», – деді Алмат Асқар.

Изображение

Ол шарттық міндеттемелердің сақталуына да ерекше назар аударды. Мердігерлер қазақстандық өнім жеткізушілеріне төлемді уақтылы жүргізуі тиіс. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тәжірибесі нысандарды толық аяқтап тапсыру кезінде шарттарды алдын ала жасасу мен жеткізілімдерді жоспарлаудың маңыздылығын көрсетті.

Палатаның пікірінше, бұл шараларды кешенді түрде іске асыру инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестицияларды қазақстандық өндірісті дамытуға, ішкі нарықты кеңейтуге және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.