Павлодар облысының «Атамекен» палатасында тасымалдаушылармен кездесу өтті
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында автомобиль көлігі саласында жұмыс істейтін бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел форматында кездесу өтті. Диалогқа «Атамекен» ӨКП директоры Айдос Шайхислам қатысты.

Ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау, жүктерді самосвалдармен жеткізу, жолаушылар тасымалын жүзеге асыру, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін компанияларға мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін қарастыру үшін кәсіпкерлер «Атамекен» ӨКП алаңына шақырылды. Олар өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салып, қажетті түсіндірмелер алуға мүмкіндік алды.
«Біз автомобиль көлігі саласындағы тасымалдау қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналдық», – деп атап өтті Палата директоры Айдос Шайхислам.

Ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау кезінде автомобиль осіне түсетін жүктеменің рұқсат етілген нормативтерін сақтау қажет екенін Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Марат Тлегенов еске салды.
«Бұл үдеріс жүк жөнелтушіден басталады. Қанша тонна жүк тасымалдау керектігін алдын ала біліп, артық салмаққа жол бермеу қажет. Өйткені шамадан тыс жүктеме асфальт жабынына зиян келтіреді. Сондықтан жүк массасының белгіленген нормадан аспауын қамтамасыз ету үшін тиісті қағидалармен танысып, олардың талаптарын сақтау керек», – деді сарапшы.

Ол сондай-ақ жүк салмағының артуына байланысты қолданыстағы айыппұлдар туралы айтып өтті. Заңнамада рұқсат етілген салмақтан бес тоннаға, он тоннаға және одан да көп мөлшерге асып кеткен жағдайлар үшін әртүрлі айыппұл мөлшері қарастырылған.
«Егер компанияға тиесілі самосвал рұқсат етілген салмақтан “білместікпен” асып кетсе де, тасымалдаушыға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Дегенмен, артық салмақ үшін салынған айыппұлды жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік берілуі мүмкін», – деп атап өтті спикер.

Марат Тлегенов мұндай талаптардың жолдардың сақталуына және Қазақстан тас жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін еске салды. Сондай-ақ Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бизнес өкілдерімен үнемі байланыста екенін және кәсіпкерлермен ашық диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
«Біз «Атамекен» ӨКП ретінде Павлодар облысындағы тасымалдаушы компаниялардың басшыларымен осындай кездесулерді олардың көкейінде жүрген сұрақтарын мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей қоюына мүмкіндік беру үшін өткіземіз. Мемлекет те қолданыстағы нормаларды барынша кеңінен әрі түсінікті түрде түсіндіруге мүдделі. Бұл бизнестің тас жолдарда қауіпсіз жұмыс істеуіне, ал жолдардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді», – дейді Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.
