Қарағанды облысындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері Қытайда бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін зерделеуде

16.10.2026
Қарағанды облысындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері Қытайда бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін зерделеуде

Қарағанды облысынан шыққан екі кәсіпкер 2026 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінде үздік он финалистің қатарына еніп, Қытайда өтіп жатқан халықаралық іскерлік іс-шараларға қатысуда. Осакаров ауданынан Күндыз Хапан шырғанақтан табиғи өнімдер өндірсе, Ақтоғай ауданынан Жаннұр Төлеубаева жүн мен киізден бұйымдар жасайтын брендін дамытып келеді. Бұл сапар кәсіпкерлерге тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстар орнатуға және өндірісті дамытудың жаңа жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер Цинхэ қаласында өткен IV кәсіпкерлер форумына және Уцзяцюй қаласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және іскерлік байланыстар орнатуға арналған III халықаралық конференцияға қатысуда. Іс-шараларға Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері жиналды.

Мұндай кездесулер қатысушыларға шетелдік тәжірибемен танысуға, өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылауға және әлеуетті серіктестер табуға жол ашады.

«Сапар барысында өзге елдердің бизнес өкілдерімен, соның ішінде Моңғолиядағы халықаралық сауда компаниясының басшысымен таныстық. Өндірісті дамыту мәселелерін талқылап, пайдалы ұсыныстар алдық әрі тәжірибе алмастық. Осындай кездесулер өз ісіңді дамытудың жаңа мүмкіндіктерін көруге және болашақтағы ынтымақтастықтың бағыттарын айқындауға көмектеседі», – дейді Күндыз Хапан.

Кәсіпкер жергілікті шикізатты пайдалана отырып, шырғанақтан табиғи өнімдер өндірумен айналысады.

Ал Ақтоғай ауданынан шыққан Жаннұр Төлеубаева табиғи жүн мен киізден бұйымдар шығаратын QYZYLARAI брендін дамытып келеді. Оның өнімдері қазақтың дәстүрлі қолөнерін заманауи бағытта жаңғыртып, Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие болуда.

Қазір кәсіпкер Ақтоғай ауданында қой жүнін өңдеуді дамытуға бағытталған QYZYLARAI WOOL & LANOLIN жобасын жүзеге асыруға дайындық жүргізіп жатыр.

«Бұл сапар мен үшін жобамды дамыту жолындағы маңызды қадам. Қой жүнін бастапқы өңдеуге арналған жабдықтар мен технологияларды зерттеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырып жүрмін. Басты мақсатымыз – туған ауданымызда өндіріс ашып, жергілікті шикізатты тереңірек өңдеу және жаңа жұмыс орындарын құру», – дейді Жаннұр Төлеубаева.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті өндірушілердің өз брендтерін қалыптастырып, өнім сапасын арттыруына мүмкіндік береді. Жоба финалистері өнім сапасын жақсарту және оны нарықта ілгерілету бойынша ұсынымдар алады. Сонымен қатар оларға өнімді сертификаттау, тауар белгісін тіркеу, қаптамасын әзірлеу, штрихкод алу, маркетплейстер мен сауда желілеріне шығу мәселелері бойынша қолдау көрсетіледі. Қажет болған жағдайда тиісті сала мамандары мен технологтар тартылады.

Кәсіпкерлер үшін бизнесті дамытудың тағы бір мүмкіндігі – мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу. 2026 жылғы 19–23 қазан аралығында Қарағанды облысында 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға өтінімдер қабылдау жоспарланған. Қайтарымсыз қолдауға әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері үміткер бола алады.

Күндыз Хапан мен Жаннұр Төлеубаева да өз жобаларын дамыту үшін осы мүмкіндікті пайдалануды және грантқа өтінім беруді жоспарлап отыр. Бірі шырғанақтан жасалатын өнімдердің өндірісін кеңейтуді көздесе, екіншісі қой жүнін өңдеу ісін дамытуды мақсат етеді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу жергілікті өндірушілерге өнім сапасын жетілдіруден бастап, іскерлік серіктестер табуға және қаржыландыру тартуға дейінгі жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл – ауыл кәсіпкерлері үшін жергілікті шикізаттан бәсекеге қабілетті өнім жасап, туған өңірінде өндіріс көлемін ұлғайтуға берілген мүмкіндік.