«Атамекен» мен Дүниежүзілік банк Қазақстандағы салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелерін талқылады

16.10.2026
«Атамекен» мен Дүниежүзілік банк Қазақстандағы салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелерін талқылады

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Дүниежүзілік банктің өкілдерімен салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелері және олардың бизнеске әсері жөнінде кездесу өтті. Кездесуді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин өткізді.

Кездесуді өткізу бастамасын Дүниежүзілік банк көтерді. Оның мақсаты – жеке сектордың салықтық әкімшілендіру саласындағы тәжірибесін зерделеу. Атап айтқанда, салықтық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шараларының болжамдылығы мен бірізділігі, тәуекелдерді бағалау негізінде салықтық тексерулер жүргізілетін салық төлеушілерді іріктеу, шағымданудың тиімді тетіктеріне қолжетімділік және бизнеске түсетін әкімшілік жүктеме мәселелері қаралды.

Талқылаудың негізгі мақсаты – қолданыстағы жүйені бағалау және оны жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу кезінде салық төлеушілердің практикалық тәжірибесін ескеру. Сонымен қатар салықтық бақылаудың тиімділігін сақтай отырып, бизнес үшін ашық әрі болжамды орта қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Изображение

Кездесу барысында «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері кәсіпкерлер қауымдастығын алаңдатып отырған бірқатар жүйелі мәселелерді көтерді. Олардың қатарында тәуекелдерді басқару жүйесінің жеткіліксіз ашықтығы, қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару мерзімдерінің созылуы, ҚҚС асып кеткен сомалардың дұрыстығын растау мақсатында тақырыптық салықтық тексерулер жүргізудің ерекшеліктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияның жұмысы бар.

Бұдан бөлек, қатысушылар салықтық тексерулерді тағайындау негіздерін және электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұруға байланысты туындайтын мәселелерді талқылады. Бұл мәселелер кәсіпорындардың іскерлік белсенділігіне, шарттық міндеттемелерді орындауына және қаржылық ағындарды жоспарлауына тікелей әсер етеді.

Изображение

«Бизнес үшін салықтық әкімшілендірудің ашық, бірізді әрі болжамды болуы аса маңызды. Кәсіпкерлер салық органдарының шешім қабылдау негіздерін түсініп, тиімді шағымдану тетіктеріне қол жеткізе алуы және белгіленген рәсімдердің сақталатынына сенімді болуы керек. Салықтық бақылау артық әкімшілік кедергілер туғызбай, қолайлы іскерлік ортаның қалыптасуына ықпал етуі қажет», – деп атап өтті Аслан Қалиғазин.

Кездесу қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банктің өкілдері көтерілген мәселелерді тереңірек зерделеп, тиісті ұсынымдар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері бойынша кәсіпкерлер қауымдастығының ұстанымын білдіруді жалғастырады. Бұл ретте бизнестің құқықтарын қорғауға, рәсімдердің ашықтығын арттыруға және кәсіпкерлік қызмет үшін болжамды жағдайлар қалыптастыруға басымдық беріледі.