«Атамекен» сұранысқа ие стандарттарды әзірлеуге жұмсалған шығындарды өтеуді ұсынады
«Атамекен» ҚР ҰКП стандарттау жүйесін бизнестің қажеттіліктерін ескере отырып жетілдіруді, кәсіпкерлердің стандарттарды әзірлеуге қатысуын кеңейтуді және оларды әзірлеуге жұмсалған шығындарды өтеу тетігін қарастыруды ұсынады. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Ұлттық биотехнология орталығында Дүниежүзілік стандарттар күніне арналған іс-шарада мәлімдеді.
Тимур Жаркеновтің айтуынша, 2023–2025 жылдары өңдеу өнеркәсібінде шамамен 100 ұлттық стандарт бекітілген. Бұл бағыттағы жұмыс құрылыс, мұнай-газ, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларда жүргізіліп жатыр. Ол тас пен цементтен жасалған өнімдерді өндіру саласындағы стандарттарды оң тәжірибенің мысалы ретінде атап өтті. Аталған стандарттарды енгізу нарықты ретке келтіруге және отандық өндірістің өсуіне жағдай жасауға ықпал еткен.

Кәсіпкерлердің ұсыныстарына да ерекше назар аударылды. Биыл бизнес өкілдері 48 стандарт әзірлеуді ұсынған. Өтінімдердің бір бөлігі, оның ішінде франчайзинг және құрылыс салаларына қатысты ұсыныстар Ұлттық стандарттау жоспарына енгізуге ұсынылды, ал қалған өтінімдер бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі таңда электр велосипедтер мен қойма үй-жайларын жіктеуге арналған стандарттар әзірлеу де өзекті сұраныстардың қатарында.
«Ұлттық стандарттау жоспары кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне сай болуы маңызды. Бизнестің негізделген бастамаларын қолдап, тиісті өтінімдердің жоспарға енгізілуіне жәрдемдесуді сұраймыз. Бұл 2027 жылы сұранысқа ие стандарттарды әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

Ұлттық палата стандарттау жұмыстарын ұйымдастырудың жекелеген тәсілдерін қайта қарауды да ұсынды. Атап айтқанда, жаңа ұлттық стандарттарды әзірлеу мен қолданыстағы халықаралық және өңірлік құжаттарды бейімдеу жұмыстарын бір-бірінен ажырату, сондай-ақ қайталанатын жұмыстарға жол бермеу қажеттігі айтылды.
Тағы бір бастама – сұранысқа ие екені және іс жүзінде қолданылатыны расталған жағдайда, кәсіпкерлердің ұлттық стандарттарды әзірлеуге жұмсаған шығындарын өтеу тетігін енгізу. Бұл ретте стандартты бір-екі жыл сынақтан өткізу қорытындысы бойынша оның тиімділігін бағалау тәсілі қарастырылып отыр. Мұндай бағалауға сынақтар мен зерттеулердің нәтижелері, аккредиттеу шеңберінде тиісті әдістерді қолдану, өнімді таңбалау және басқа да объективті көрсеткіштер негіз бола алады.
«Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру үшін уәкілетті органдармен және бейінді жұмыс топтарымен өзара іс-қимылды күшейту қажет екенін атап өтті. Негізгі мақсат – отандық өндірістің дамуына ықпал ететін, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын және кәсіпорындардың өндірістік міндеттерін шешуге көмектесетін стандарттау жүйесін қалыптастыру.