«Атамекен» Қазақстанның қойма инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді

19.10.2026
«Атамекен» Қазақстанның қойма инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді

Қазақстандағы қойма жылжымайтын мүлкі саласын дамыту кешенді тәсілді, оның ішінде стандарттарды жетілдіруді және қойма нысандарын жіктеу жүйесін енгізуді талап етеді. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Алматыда өткен Central Asia Warehouse Summit 2026 салалық саммитінде мәлімдеді.

Ұлттық палата өкілінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда бір адамға шаққандағы қойма алаңы небәрі 0,08 шаршы метрді құраған. Бұл сауда, электрондық коммерция және логистиканы дамыту үшін қажетті заманауи нысандарды қоса алғанда, қойма қуаттарының тапшылығын көрсетеді.

«Электрондық коммерцияның дамуы, тұтыну көлемінің өсуі және халықаралық жүк тасымалының кеңеюі заманауи қойма нысандарына сұранысты арттырып отыр. Мұндай жағдайда инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, оған қойылатын түсінікті талаптар мен нақты сипаттамаларды қалыптастыру маңызды», – деді Тимур Жаркенов.

Изображение

Оның айтуынша, бүгінде қойма үй-жайларына қойылатын талаптар әртүрлі техникалық регламенттер мен құрылыс нормалары арқылы реттеледі. Сонымен қатар Қазақстанда қойма нысандарын A, B, C және D негізгі санаттары бойынша нақты жіктеу жүйесі жоқ.

«Жіктеу жүйесі нарық қатысушыларына қойма нысандарының сипаттамаларын жақсырақ түсінуге, саланың ашықтығын арттыруға және негізделген инвестициялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Ол үшін стандарттау саласындағы үздік тәжірибелерді, соның ішінде халықаралық тәжірибені зерделеп, Қазақстан нарығының ерекшеліктеріне сай келетін тәсілдерді айқындау қажет», – деп атап өтті «Атамекен» өкілі.

Изображение

Ұлттық палата қойма инфрақұрылымын одан әрі дамыту мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, логистикалық операторлар мен девелоперлердің өзара іс-қимылын талап ететінін атап өтті. Қойма нысандарына қойылатын салалық стандарттар мен талаптарды жетілдіру логистикалық қызметтердің сапасын арттыруға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға және инвестиция тартуға ықпал етеді.

Central Asia Warehouse Summit 2026 Алматы қаласында өтті. Саммитті халықаралық консалтингтік IBC Global компаниясы ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар Орталық Азиядағы қойма жылжымайтын мүлкін, логистиканы, сауданы, электрондық коммерцияны және инвестициялық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.