ҚССП мен Камбоджа Сауда палатасы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
Бүгін Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақовтың Камбоджа Сауда палатасының Президенті Менг Кит бастаған Камбоджа Корольдігінің делегациясымен кездесуі өтті. Қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және екі ел кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнату перспективаларын қарастырды. Кездесуге Камбоджа Сауда палатасының, «Окнха» қауымдастығының, сондай-ақ Камбоджа мен Қазақстан бизнесінің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында ҚССП мен Камбоджа Сауда палатасы арасында екі ел кәсіпкерлерінің іскерлік байланыстарын нығайтуға және ынтымақтастығын дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Делегацияны құттықтай отырып, Мұрат Қарымсақов Қазақстан мен Камбоджа арасындағы достық қатынастар іскерлік серіктестікті кеңейтуге негіз болатынын атап өтті. Келесі қадам компаниялар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды дамыту болуы тиіс.
«Бүгін біздің алдымызда нақты міндет тұр — осы институционалдық негізді нақты келісімшарттарға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға ұластыру», — деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.
ҚССП басшысы жеңіл және тамақ өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, туризмді, жолаушылар тасымалын және ақпараттық технологияларды ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде атады.

Жеңіл өнеркәсіп саласында Камбоджаның тоқыма, трикотаж және аяқкиім өндірушілері мен Қазақстанның сауда желілері және дистрибьюторлары арасында тікелей ұзақ мерзімді байланыстар орнатуға басымдық берілді. Агроөнеркәсіп саласында Камбоджаға қазақстандық бидай, ұн және майлы дақылдар өнімдерін жеткізу, өз кезегінде тропикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау, сондай-ақ азық-түлікті өңдеу және кондитерлік өнімдер өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері атап өтілді.
Мұрат Қарымсақов туризм мен әуе қатынасына ерекше назар аударды. Астана, Алматы және Сиануквиль арасындағы чартерлік бағдарламалар тәжірибесі жолаушылар тасымалын одан әрі дамытуға және бірлескен туристік маршруттар әзірлеуге жол ашады. Цифрлық салада тәжірибе алмасу және сауда мен бизнеске арналған шешімдерді енгізу мүмкіндіктері белгіленді.
«Палата ретінде бізде бизнестің нақты сұраныстарына сәйкес қажетті әрі тексерілген контрагенттерді жедел іріктеуге мүмкіндік беретін қалыптасқан тетік бар. Бұл тек бетпе-бет сапарлармен шектелмей, екі ел кәсіпкерлері арасында үздіксіз тікелей диалог жүргізуге мүмкіндік береді», — деді Мұрат Қарымсақов.
ҚССП іскерлік серіктестерді іріктеуге жәрдемдесуге, B2B-кездесулерді, оның ішінде онлайн форматта ұйымдастыруға және бірлескен жобаларды сүйемелдеуге дайын екенін білдірді. Практикалық құрал ретінде коммерциялық ұсыныстармен тұрақты алмасуды және кәсіпкерлердің нақты сұраныстарына сәйкес контрагенттерді іріктеуді жолға қою ұсынылды.