Өскемен бизнесі қала құрылысы саласында тығырыққа тірелді: егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жоқ жерде даму да жоқ
Өскемен кәсіпкерлері бизнесті дамыту жолында елеулі кедергіге тап болды. Өндірісті кеңейту, жаңа нысан салу немесе жер учаскесін алу іс жүзінде мүмкін болмай барады. Бұған бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының (ЕЖЖ) болмауы себеп. Бір қызығы, қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да, оның жоқтығынан туындайтын қиындықтардың ауыртпалығы кәсіпкерлердің мойнына түсіп отыр.
Бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында талқыланды. Оған «Белалекс» ЖШС-нің өтініші негіз болды. Кәсіпорынға су көлігінің қолданыстағы нысанына қызмет көрсету үшін қажетті жер учаскесін беруден бас тартылған. Бас тарту себептерінің қатарында аумақтың Ертіс өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуы, жасыл желектер мен кірме жолдардың болуы, сондай-ақ бекітілген ЕЖЖ-ның жоқтығы көрсетілген.
Алайда талқылау барысында жеке кәсіпорынның жер дауының артында бүкіл облыс орталығындағы бизнестің дамуын тежейтін әлдеқайда ауқымды мәселе тұрғаны белгілі болды.
Кеңес отырысында атап өтілгендей, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс заңнамасының жаңа талаптары қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, ЕЖЖ болмаған жағдайда нысандарды салуға, реконструкциялауға және кеңейтуге рұқсат беру мүмкіндігі айтарлықтай шектелген.
Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері бұл мәселе бойынша салалық министрлікке түсіндірме алу үшін жүгінгендерін жеткізді. Алайда жауап үзілді-кесілді болған: ЕЖЖ болмаса, тиісті рұқсаттарды беруге болмайды.
Ал Өскеменде қажетті құжаттардың қашан дайын болатыны туралы шенеуніктер нақты жауап бере алмады. Қазіргі уақытта қаланың бас жоспары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тек ол аяқталғаннан кейін ғана егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу көзделген. Нақты мерзімдер әзірге белгісіз.
Осылайша, тұйық жағдай қалыптасып отыр: мемлекеттік органдар өздері әзірлеуге міндетті қала құрылысы құжаттамасы болмағандықтан рұқсат бере алмайды. Ал кәсіпкерлер осы уақытта инвестициялық жобаларын, өндірісті кеңейтуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды белгісіз мерзімге кейінге қалдыруға мәжбүр.
Іс жүзінде кәсіпкерліктің дамуы шенеуніктердің жұмыс қарқынына тәуелді болып қалды.
Кеңес төрағасы Игорь Шацкий атап өткендей, ЕЖЖ-ның болмауы кәсіпкерлердің өтініштерін қанағаттандырудан бас тартудың әмбебап негізіне айналмауы тиіс. Жаңа құрылыс жүргізу мен қолданыстағы нысанға қызмет көрсету үшін жер учаскесін алу жағдайларын ажырата білу қажет. Әрбір мәселе формалды көзқарасты емес, жеке құқықтық бағалауды талап етеді.
Сонымен қатар, бұл мәселе бір ғана кәсіпорынның шеңберінен әлдеқайда асып түседі. ЕЖЖ-ның болмауы өндірістерді жаңғыртуға, сауда мен қызмет көрсету саласын дамытуға және қалаға инвестиция тартуға елеулі кедергі келтіруі мүмкін.
Кәсіпкерлер ерекше жағдай жасауды немесе қала құрылысы нормаларын алып тастауды талап етіп отырған жоқ. Олар өз жобаларын заңды түрде қашан жүзеге асыра алатынын және әзірленуі өздеріне байланысты емес құжаттардың жоқтығынан неліктен шығынға ұшырауы керектігін білгісі келеді.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының пікірінше, бұл мәселе жүйелі шешімді талап етеді. Өскемен қаласының әкімдігі ЕЖЖ әзірлеудің нақты мерзімдерін белгілеп, өтпелі кезеңде бизнестің жұмыс істеуі мен дамуына мүмкіндік беретін заңды тетіктерді қарастыруы қажет.
Ал басты сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр: қаланың дамуына қажетті құжаттарды мемлекеттік органдар әзірлегенше, кәсіпкерлер неліктен жылдар бойы күтуге мәжбүр?