Ақтөбеде «Адал кәсіпкер» акциясының қорытындысы шығарылады
«Адал кәсіпкер» акциясы аясында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Ведомствоаралық комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Акцияға қатысуға өтінімдер 5 маусым мен 15 қыркүйек аралығында қабылданды. Осы кезеңде Кәсіпкерлер палатасына Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы бизнес өкілдерінен 130 өтінім түсті.
Отырыс барысында Ведомствоаралық комиссия мүшелері ұсынылған өтінімдерді қарастырып, қатысушыларды бекітілген бағалау парағына сәйкес бағалады. Әрбір қатысушы белгіленген өлшемшарттар бойынша бағаланды. Бұл жеңімпаздарды анықтау кезінде объективтілік пен ашықтықты қамтамасыз етеді.
Жинаған ұпайлар қорытындысы бойынша жеті номинацияның жеңімпаздары анықталады:
▪️ «Адал кәсіпкер – Үлгілі салық төлеуші»;
▪️ «Адал кәсіпкер – Жауапты жұмыс беруші»;
▪️ «Адал кәсіпкер – Қауіпсіз кәсіпорын»;
▪️ «Адал кәсіпкер – Әлеуметтік жауапты бизнес»;
▪️ «Адал кәсіпкер – Ашық бизнес»;
▪️ «Адал кәсіпкер – Үздік шағын бизнес»;
▪️ «Адал кәсіпкер – Үздік өндірістік кәсіпорын».
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі 29 қазанда «Өнер орталығы» ғимаратында өтеді. Іс-шара Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылады.
«Адал кәсіпкер» акциясы бизнесті адал жүргізу қағидаттарын ілгерілетуге, кәсіпкерлердің мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік ортада ашықтық, заңдылық және әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Акция «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында өткізіліп, бизнес, мемлекет және қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.
