Сайрам аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының басшылығы ауысты
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Сайрам аудандық филиалының директоры лауазымына Қайрат Асылболатов тағайындалды.
Осыған дейін филиал директоры қызметін атқарған Ғалымжан Байболов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды.
Жаңа басшы Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Баходир Олжаевпен кездесіп, танысты. Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастық және аудандағы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шешуге қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізеді. Осы орайда жаңа басшының алдында аудан кәсіпкерлерімен өзара байланысты нығайтып, бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосу міндеттері тұр.

Қайрат Асылболатовты жаңа қызметімен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік, жауапты міндеттерді абыроймен атқаруына және кәсіби жетістіктерге жетуіне тілектестік білдіреміз!
Жаңа қызметіңіз құтты болсын!