«Атамекен» ҰКП Экология комитеті кәсіпкерлердің ұсынысын жеткізді

19.10.2026
«Атамекен» ҰКП Экология комитеті кәсіпкерлердің ұсынысын жеткізді

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Экология комитеті үшінші отырысын өткізді. Қатысушылар экология мәселелері жөніндегі заңды іске асыру үшін әзірленіп жатқан заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарады.

Отырысқа ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының, салалық қауымдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Кәсіпкерлердің мүддесін «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Экология және тұрақты даму департаментінің директоры Әсел Ынтымақова білдірді.

Отырыста күн тәртібіндегі үш мәселе бойынша бизнес өкілдерінің ұсыныстары талқыланды. Олар: қауіпті қалдықтарды басқаруға қойылатын біліктілік талаптары, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарудың қағидалары мен тарифі, сондай-ақ қалдықтарды қайталама ресурстар санатына ауыстыру.

Изображение


Қауіпті қалдықтарды басқаруға қойылатын біліктілік талаптары

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызметке қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер енгізу жобасы қаралды. Бизнес өкілдері шектен тыс талаптар лицензиясы бар кәсіпорындардың санын азайтып, бәсекелестікті шектеуі және қызмет құнын қымбаттатуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеуге және залалсыздандыруға беруді қиындатып, олардың жиналу және заңсыз орналастырылу қаупін арттырады.

Осыған байланысты атқарылатын операциялардың сипатына қарай үй-жайларды және (немесе) полигонды пайдалану мүмкіндігін сақтап қалу, полигондар санын көбейту, GPS жүйесімен жабдықталған меншікті көліктің болуы жөніндегі талапты сақтай отырып, көлік құралдарының санын есептеу формуласын алып тастау ұсынылды. Сондай-ақ лицензиялау кезеңінде қауіпті жүктерді тасымалдауға арнайы рұқсат талап етпеу мәселесі көтерілді. Бұдан бөлек, сарапшылар экологиялық сақтандыру мерзімін экологиялық құжаттаманың қолданылу мерзімімен байланыстыру талабын алып тастауды ұсынды.

Бұл ұсыныстар қауіпсіз жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды сақтауға және кәсіпорындар мен қалдық түзушілерге негізсіз қосымша жүктеме түсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

Изображение


Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидалары және ҚТҚ тарифі

Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына және қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізу жобалары талқыланды. Коммуналдық қалдықтардың «құрғақ» және «ылғалды» фракцияларын, сондай-ақ қауіпті құрамдас бөліктерін бөлек реттеуді бекіту, олар бойынша жеке конкурстар өткізу, ал медициналық қалдықтар үшін бөлек тәртіп белгілеу ұсынылды.

Тарифті есептеу әдістемесіне қатысты кәсіпкерлер өзіндік құнға инвестициялық шығындарды, салықтарды, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақыны және еңбекті қорғауға жұмсалатын шығыстарды қосуды қажет деп санайды. Сонымен қатар ҚҚС қосылған және ҚҚС-сыз тарифтерді нақты ажырату, жаңадан құрылған кәсіпорындар үшін олардың нақты жұмыс істеген кезеңіндегі деректерді пайдалану және тариф есебіне міндетті тәуелсіз аудит жүргізу талабын қайта қарау ұсынылды. Құрылыс және ірі көлемді қалдықтарды, күл мен өсімдік қалдықтарын шығаруға жауапты тараптарды айқындау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өйткені қазір бұл жұмыстар қолданыстағы тарифпен қамтылмайды.

Аталған шаралар қалдықтарды шығару, сұрыптау және көму жұмыстарының жеткіліксіз қаржыландырылу қаупін азайтып, қызмет көрсетудегі іркілістердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Изображение


Қалдықтарды қайталама ресурстар санатына ауыстыру

«Атамекен» қалдық мәртебесінен айырылып, қайталама ресурстар санатына өтетін қалдықтар тізбесінің жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, тізбені металлургия және тау-кен өндіру салаларының қалдықтарымен толықтыру, қалдықтарды қайталама ресурстар санатына жатқызу өлшемшарттарын және материалдарды қайтадан қалдық деп тану тәртібін жетілдіру ұсынылды. Сонымен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы материалдарға бұрын берілген мәртебені сақтай отырып, 12 айлық өтпелі кезең енгізуді қолдайды.

Изображение

«KazWaste» қауымдастығы экологиялық сараптама мен санитариялық қорытындыны заңнамада көзделген жағдайларда ғана талап етуді, стандарттарды шикізаттың түрі мен қолданылу мақсатын ескере отырып қолдануды, сондай-ақ материалдың құрамы мен өңдеу технологиясы өзгермеген жағдайда әр партияны қайта сынақтан өткізуді талап етпеуді ұсынды. Қауымдастық тізбеге полимерлерді, резеңке-техникалық бұйымдарды және көпқабатты қаптамаларды енгізуді де қолдады.

Бұл ұсыныстар әкімшілік кедергілерді жоюға, қалдықтарды қайта өңдеу мен қайта пайдалануды дамытуға бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша Комитеттің ұстанымын хаттамада бекітіп, жобаларды пысықтау кезінде ескеру жөніндегі ұсынымдармен бірге ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдау жоспарланып отыр.

Осылайша, Экология комитетінің жұмысы бизнестің келісілген ұстанымын қалыптастыруға, оны нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу барысында ескеруге және артық реттеушілік кедергілердің пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.