2027 жылдан бастап лицензиялау: жекеменшік балабақшаларды не алаңдатады

20.10.2026
2027 жылдан бастап лицензиялау: жекеменшік балабақшаларды не алаңдатады

Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын міндетті лицензиялауға дайындық мәселелері талқыланды. Кездесуге 60-тан астам жекеменшік балабақша өкілі қатысты.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары лицензия алуға міндетті болады. Осыған байланысты кәсіпкерлер жаңа талаптардың қолданыстағы балабақшаларға қалай әсер ететінін мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге талқылады.

Жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Астана қаласының Білім басқармасының, Сәулет және қала құрылысы басқармасының, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.

Изображение

 

Изображение

Талқылау барысында педагогтердің біліктілігіне, санитариялық және өрт қауіпсіздігіне, ғимараттар мен үй-жайларға, сондай-ақ серуендеу алаңдарына қойылатын талаптар қаралды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау мәселесіне де назар аударылды.

Изображение

Кәсіпкерлер мектепке дейінгі білім беру сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтуді қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар қолданыстағы нысандарды лицензиялау кезінде туындауы мүмкін бірқатар мәселені атап өтті. Атап айтқанда, бейімделген ғимараттарды пайдалану, олардың нысаналы мақсатын өзгерту, білікті мамандармен қамтамасыз ету және жекелеген талаптарды орындауға қатысты мәселелер көтерілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелері бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамына кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Жұмыс тобы лицензиялауға дайындық барысында туындайтын мәселелерді талқылап, бизнестің ұсыныстарын қарастырады.